Ағылшын тілі

Кафедра тарихы

АҒЫЛШЫН ТІЛІ КАФЕДРАСЫ

       1990-2000 жылдары Шетел тілдер кафедрасын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Александр Николаевич Яцухин басқарды. Кафедра құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор Несіпбай Авазбайұлы Авазбаев,  доцент Лола Тұрғыновна Файзиева, ф.ғ.к., доцент Жақып Тұнгатарович Тұнғатаров,  доцент Виктор Григорьевич Лобин, филология ғылымдарының докторы, профессор Виталий Андреевич Редькин сияқты ғалымдар  қызмет  атқарған. 1995 жылдан бастап 2000жылға дейін Германия, Лейпциг, Постдам қаласынан келген доктор Юрген Асмус  және Фрэнсис Шандера қызмет атқарды.

        Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтында 1994 жылы доцент, филология ғылымдарының кандидаты Н.Қ.Жарқымбекованың жетекшілігімен жаңа дербес ағылшын тілі кафедрасы құрылды.

1994-2008 жылдары кафедраны  Н.Қ. Жарқымбекова басқарды. Студенттер үш мамандық бойынша білім алды: “Шетел тілі: екі шетел тілі”, “Шетел филологиясы” және  “Аударма ісі”.     

Осы кезеңде кафедра АҚШ Бейбітшілік корпусымен тығыз байланыста болды, соның арқасында Стивен Ибелли, Джозеф Перрт, Джанел Янг, Брайан Рэндалл, Джоти Равал сияқты волонтерлар кафедрада оқытушы болып жұмыс істеді. Олар ағылшын тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге үлкен үлес қосты.

2008-2012 жылдары ф.ғ.к., доцент З.Р. Тасанбаева кафедраны басқарды.

2012-2013 оқу жылында кафедраны ф.ғ.к., доцент Г.И. Абрамова басқарды.            

Сманова Газиза Илескановна 2013 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында “Шетел тілдері” кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Ағылшын тілі кафедрасында 5В011900-Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша студенттер білім алды. Бұл мамандық 2015 және 2020жж.  институционалдық аккредиттеуден сәтті өтіп, куәлік берілді.

Кафедраға үлкен міндет қойылды: білім беру саласында бәсекеге қабілетті  мамандарды дайындау.  2017 жылы 5В020700 - «Аударма ісі» мамандығы ашылды.  Қазіргі жағдайда мамандарды дайындау деңгейіне қойылатын талаптар айтарлықтай артты. Кафедра өз түлектеріне ғылым жетістіктерін ескере отырып, білімді, кәсіби білік пен дағдыларды тиімді пайдалану, толықтыру және жаңарту мүмкіндігін білдіретін сапалы білім беруге, ал олардың оқу қызметін ұйымдастыруда мамандарды даярлау мазмұнына жұмыс берушілердің талаптарын көбірек ескеруді қолға алды. Н.Д.Оңдасынов атындағы №38 гимназия мектебінде, №89 IT лицейінде , №72 С.Нұрмағамбетов атындағы жалпы орта мектебінде ағылшын тілі кафедрасының филиалдары ашылды.

Уақыт өткен сайын міндеттер күрделене түсіп, кафедра меңгерушісі кафедра алдына қойылған мақсат-міндеттерді орындауға күш салды. Басшылықтың табандылығы мен ұйымшыл ұжымның арқасында кафедраның ғылыми әлеуеті артты.

«Шетел тілі: екі шетел тілі»  мамандығының  студенттерімен тиімді жұмыс жасаудағы тамаша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында компьютерлік лингафондық кабинет ашылды. Ағылшын тілін оқытудың әдістемесі бойынша электронды оқулықтар, аудио және бейнебағдарламалар сатып алынды. 2013-2022 оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер Халықаралық Балтық академиясына (Рига, Латвия), Халықаралық Тілдер Академиясына (Зиген, Германия), Карой Эстерхази атындағы университеті (Венгрия, Эгер), Лодзъ университеті (Польша, Лодзъ), Гази университетіне (Түркия, Анкара) білім алуға жіберілді. 2016 жылы Халықаралық Балтық академиясымен (Рига, Латвия) қосдипломды шетелдік ЖОО-мен білім беру бағдарламалары іске қосылды.

        Ішкі академиялық ұтқырлық бойынша студенттер Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, К.Жұбанов  атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне «Шетел тілі: екі шетел тілі» мұғалімін даярлау білім беру бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді.

2018 жылы 7М01703- «Шетел тілі: екі шетел тілі педагогін даярлау»  білім беру бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы No KZ76LAA00016099 мемлекеттік лицензиясы берілді. 7М01703 – «Шетел тілі: екі шетел тілі педагогін даярлау»  білім беру бағдарламасы бойынша магистранттар контингенті жоғары. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша магистранттар ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағытта білім алады. 2022 жылы 7М01703- «Шетел тілі: екі шетел тілі педагогін даярлау»  білім беру бағдарламасы Халықаралық институционалдық аккредиттеу сертификатына ие болды (IA-A № 0120, 2020-2025жж.).

2022 жылы  8D01703- Шетел тілі: екі шетел тілі педагогін даярлау бойынша докторантура ашылды.

Кафедра оқытушылары ғылыми дайындығы мен шығармашылық ізденісін арттыру мақсатында, алыс және жақын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, білім жетілдіру курстарынан өтті. Атап айтқанда, Г.И. Сманова (Порто,Португалия), А.А.Абдукаримова (Эрфурт, Германия), А.К.Дилдабекова (Англия, Ньюкасл) біліктілік арттыру курстарынан өтті, 2013-2014 оқу жылында “Болашақ” бағдарламасы бойынша ф.ғ.к., А.А.Таджибаева (Осло, Норвегия) , Л.С. Қанаева (Нидерланд) іс-тәжірибеден өтті.

  2014 - 2018 жылдары визитинг профессорлар Вальтер Фризен, Ойген Айхелберг   Германия, Франкфурт қаласынан келіп кафедрада екінші шетел тілі бойынша студенттерге дәріс жүргізді.

 2019-2020 жылы Фулбрайт бағдарламасының  волонтері (Fulbright Foreign Language teaching Assistant Program (FLTA) ) Джошуа Дюфоның кафедраға келуі CLIL (Content Language Integrated Learning) әдісін тереңдетіп зерттеуге ықпал етті.

         Дарби Онил, американдық Фулбрайт бағдарламасының волонтері, 2021-2022 жылдарында ағылшын тілі кафедрасында жұмыс істеді.

           2019-2021 жылдар аралығында кафедра оқытушылары АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің Ағылшын тілі аймақтық кеңсесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырған «Педагогикалық университеттерді дамыту» бағдарламасы бойынша үш рет біліктілікті арттыру курстарынан өтті, оның негізгі мақсаты қашықтықтан және аралас оқыту әдістерін зерттеу, халықаралық стандарттарға сәйкес силлабустар құрастыру, виртуалды орта құралдарымен жұмыс жасау болды. Кафедра ұжымы білім алушылардың шетел тілінде теория мен практиканы ұштастыра жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасауда.