Университет тарихы
Білім-ғылымның, тәрбиенің алтын бесігі, қасиетті қарашаңырақ – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Шымкент қаласының орталығында, А.Байтұрсынов көшесінде орналасқан. Университет 1937 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Ғасырға жуық уақытта көптеген жетістіктерге жетіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарған. Түлектері қазіргі таңда Қазақстан және шет елдерде қызмет атқаруда. Университет түлектерінің білім ұясына алғыстары шексіз!
Бәрі де осылай басталған...
1937 жылдың 19 наурызында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Шымкентте Мұғалімдер институты ашылған.
1954 жылы КСРО Министрлер кеңесінің өкімімен педагогикалық институт болып қайта құрылды.
1987 жылы институттың 50 жылдық мерейтойына орай оқу орнына М.Әуезов есімі берілді.
1975 жылы КСРО оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған социалистік жарыста Қазақстандағы педагогикалық институттар арасында бірінші орын алды.
1985 жылдың қорытындысы бойынша мұғалім кадрларын даярлаудағы жетістіктері үшін КСРО Оқу министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.
1988 жылы Кеңестер Одағындағы 220 педагогикалық институттың арасында өткен социалистік жарыста ІІІ орынды иеленді.
1993 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды.
1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөліміне ауысты.
2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дың Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дың Шымкент институты болды.
2011 жылдың 28 маусымына дейін жұмыс істеді.
2011 жылғы 28 маусымдағы №722 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды.
2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 Қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді.
2018 жылдың 16 қазанында Үкіметтің №649 Қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам болды.
2019 жылдың 12 сәуір күні Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Әділет басқармасында заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өтті.
2011 жылдан университеттің қайта өркендеу дәуірі басталады.
2019 жылдың 6 сәуірінде 4 қабатты, 350 орындық жаңа «Студенттер үйі» пайдалануға беріліп, тамыз айында және 200 орындық 4 жұлдызды қонақ үйге тең «Студенттер үйі» пайдалануға беріледі.
2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына орай тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына байланысты жүлде қоры 28 млн.теңгені құрайтын 11 номинациядан тұратын республикалық жастар конкурсы елімізде алғаш рет біздің университетте өткізілді.
Биыл, яғни 2023 жыл оқу ордамыз үшін тарихи сәт десек те болады. Осы жылы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 3 қазан, №512 бұйрығымен университетке рух сардары, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атауы берілді. Ұлт жанашырының есімін оқу орнына беру және ұрпақ жадында жаңғырту ісінде Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаеваның еңбегі елеулі.
Білім ордасының басшылары:
01.07.1937-15.09.1939жылдары Берн университетінің профессоры Семен Германович Шейнессон;
15.09.1939-07.03.1940 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, капитан шеніне көтерілген Мырзалы Сабденов;
09.1940-20.12.1941 жылдары партия қызметкері болған Иннокентий Матвеевич Туманов;
1947-1952 жылдары «Абай жолы» романын, көптеген туындыларды жатқа оқитын жады мықты Әділ Ермеков;
1952-1970 жылдары институтты даму даңғылына түсіріп, жаңа леп ала келген Байұзақ Ермекбаевтардың жасаған жұмыстары бәрімізге үлгі-өнеге.
1971-1984 жылдары оқу орнының өркендеу дәуірінде басшылық жасаған талабы қатал, оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Мырзахан Сәрсенбаев;
Қазақ Кеңестік социалистік республикасы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, техника ғылымдарының докторы, профессор Әшім Құрамбайұлы Омаров
26.03.1984-01.04.1993 жылдары Қазақ Кеңестік социалистік республикасы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, техника ғылымдарының докторы, профессор Әшім Құрамбайұлы Омаров мырза;
08.04.1993-22.06.1994 жылдары белгілі Әуезовтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Керімбек Сыздықовтардың оқу орнының тарихында өзіндік орны бар. Сондай-ақ, 2011 жылға дейін Әбдімәлік Әшіров, Лесбек Тәшімов, Болысбек Өтелбаев, Жарылқасын Оңалбек басқарды.
2011 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылған оқу орнымыздың ректоры болып тағайындалған бұрынғы ОҚМПУ түлегі, ҚР ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті.
2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін оқу орнының Басқарма төрағасы-ректор қызметін тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева басқарып келеді.