Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Жүсіпбек Аймауытұлы  колледжі

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Жүсіпбек Аймауытұлы  колледжі

87 жылдық тарихы бар шежірелі қара шаңырақ еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі, ағартудың алтын тұғыры  саналады. Жетпіс мыңнан аса жоғары білікті маман даярлап, білім беру саласында орасан зор тәжірибе жинақтады. Іргелі, озық университет ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Түлектері тек қана ел аумағында емес, сонымен қатар таяу, алыс шетелдерде қызмет атқарып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық танытып, ерекшеленетінін атап өткен жөн. Танымал түлектер қатарында Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаев, Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасова, Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, руханият шырақшысы, ғұлама шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, ақын Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Олимпиада жүлдегері Дархан Асәділ т.б. есімдері үлкен мақтанышпен аталады.

Бүгінде ұлт ұстазы Өзбекәлі Жәнібеков атын иеленген Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қызметін білім – ғылым – ұлттық тәрбие ұштағаны бойынша жүргізуде.  Оқу орнының ұстаздары жұмыс барысында ел егемендігі жолында, ұлт руханиятының дамуы үшін жан аямай еңбек еткен жан-жақты таутұлға Жүсіпбек Аймауытұлының озық ойларын ұтымды пайдалануда. Осы орайда университет жанынан колледждің ашылуы  мен  оған  Жүсіпбек Аймауытұлы есімінің берілуі  айтулы тарихи оқиға деп санаймыз. Ұлт ардақтысының сан салалы қызметінің бір кезеңі Шымкент педколледжінде өткенін, «Ақбілек» романын осы Шымкент шаһарында жазғанын ескерсек, тарихи сабақтастықтың сақталғанының куәсы болып отырмыз.

Ж.Аймауытұлының өмір жолы мен атқарған қызметіне үңіле түссек, сарқылмас қазынаға тап боламыз. Ең алдымен, ұлттық педагогика, психология ғылымдарының қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Оқыту, тәрбие беруді кәсіби мамандығы санаған өз еңбектерінде  білім беру мәселелеріне көп көңіл бөліп, ғылым-білімге дұрыс бағыт беретін тәрбие болуы керектігіне баса назар аударды.

Бұл игі шара  көптеген білім алушының – болашақ педагогтардың жан-жақты дарын иесінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Жүсіпбектей қазақ руханияты жанашырының есімі болашақ ұрпақты елжанды, отаншыл етіп тәрбиелеуде қажымас қайрат пен таусылмас қуат береріне сенімдіміз.

Жаңа білім беру мекемесінің ашылу салтанатты кеші 2024 жылдың сәуір айның 3-не өтті. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева қатысып, лентасын қиды. Арнайы жаңадан орнатылған Жүсіпбек Аймауытұлының ескерткішіне құрмет гүлін қойды. Колледжді ашудағы мақсатымыз, білікті маман даярлаудағы сабақтастықты жалғай отырып, өз мамандығын жетік меңгерген, кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау болып табылады. Бастапқыда педагогиканың үш бағыты бойынша, яғни, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша білім беруді жүзеге асырмақпыз. Бұл өз кезегінде колледж студенттерінің университетке даяр маман болып келуіне септігін тигізіп қана қоймай, университетімізге түсу талаптарын жеңілдетіп, қысқа мерзім ішінде аяқтауға да мүмкіндік береді. Колледж директоры болып Тунгатарова Жанна Мерекеевна тағайындалды.

Тунгатарова Жанна Мерекеевна 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Кирев ауданы, Багара ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Сарағаш қаласында, М Ломоносов атындағы № 3 жалпы орта мектебін бітіріп Шымкент педагогикалық институтын 1987 бітіріп шыққан, түлегі. Мамандығы: Тарих және қоғамтану пән мұғалімі.

Жұмыс өтілі 41 жыл. Институт аяқтап шыққасын Сарыағаш қаласында орта мектепте мұғалім болып жұмысын бастады. 1995 жылдан 2014 жылға дейін Ә Қастеев атындағы дизайн және өнер колледжінде оқу бөлім меңгеруішісі қызметінде, 19 жыл жұмыс атқарды, 2014 жылы Қазтұтыну одағы Шымкент экономикалық колледжінде директор орынбасары лауазымында  жұмысын жалғастырды. 2023 жылы 11  желтоқсаннан бастап Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ жанындағы   Ж.Аймуытұлы  колледжінің директоры болып тағайындалды.

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан  педагогикалық университеті жанындағы Жүсіпбек Аймауытұлы  колледжі 01140100 Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, 01140200 Музыкалық білім беру,  01140300  Көркем еңбек мамандықтары бойынша 9 сынып және 11 сынып түлектерін оқуға шақырады. Грант орындары бар
https://www.instagram.com/aymauytov_college/