Исабек Баршагүл Қашқынқызы
Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік
істер жөніндегі проректор
Исабек Баршагүл Қашқынқызы 1973 жылы 28 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында (бұрынғы Шымкент облысы, Бөген ауданы) дүниеге келді. 1980 жылы «Мақташы» бастауыш мектебіне барып, 1990 жылы «Жамбыл» орта мектебін медальмен бітірді.
1990 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «Тарих» мамандығына оқуға түсіп, 1995 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімшесін «Тарихшы, тәрбие жұмысының методисі» біліктілігі бойынша үздік дипломмен бітірді.
Еңбек жолын 1995 жылдан бастап, күні бүгінге дейін әртүрлі кезеңдерде әртүрлі атпен аталған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде үздіксіз жұмыс істеп келеді. 1995-1998 жж. Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімшесінің Қазақстан тарихы кафедрасында ізденуші-машықтанушы, 1998-2000 жж. Бүкіләлем тарихы кафедрасында аға оқытушы, 2000-2002 жж. Тарих факультетінің декан орынбасары, 2002-2003 жж. «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, 2003-2004 жж. Сырттай оқу факультетінің деканының орынбасары, 2004-2011 жж. Тарих және заң факультетінің деканы, 2011-2012 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Тарих және педагогика факультетінің деканы, 02.08.2012- 05.09.2014 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Тәрбие істері жөніндегі проректоры, 05.09.2014-06.01.2015 жж. Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректор, 06.01.2015-28.12.2017 жж. Бірінші проректор, оқу ісі жөніндегі проректор, 29.12.2017-14.02.2018 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Бірінші проректор, оқу ісі жөніндегі проректоры, 14.02.2018-03.06.2019 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Оқу және оқу-әдістемелік істері жөніндегі проректоры, 03.06.2019-18.10.2019 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы, 18.10.2019-03.10.2021 жж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Оқу және оқу-әдістемелік істері жөніндегі проректоры болып қызмет етті. 04.10.2021 жылы Басқарма төрағасының орынбасары-Академиялық мәселелер жөніндегі проректор атауына өзгертілді. 04.04.2022-29.09.2022 жж. Басқарма мүшесі-Тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректор, 30.09.2022 ж.бастап Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор қызметін атқаруда.
1999 жылы 27 сәуірде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Академик Р.Б.Сүлейменов: Қазақстан тарихын зерттеудегі үлесі және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі» деген тақырыпта 07.00.02–Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 2008 жылы доцент ғылыми атағына ие болды.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2006-2008 жж. Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының» иегері болды. ҚР БжҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2008», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2021» грантын екі рет жеңіп алды.
ҚР Президентінің (Н.Ә.Назарбаевтың, Қ.К.Тоқаевтың) Алғыс хаттарымен, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің грамотасымен, Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаттарымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Құрмет Грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» (2017 ж.) медалімен, ҚР БжҒМ «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2018 ж.) төсбелгісімен марапатталған.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы Елбасының Жолдауын насихаттау жөніндегі лекторлар тобының белсенді мүшесі болып, ОҚО Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған байқауда 2005 жылы «Ең үздік лектор», 2014 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік насихатшы» номинациясын жеңіп, дипломмен марапатталды. "Нұр Отан" партиясы "Білім және ғылым" дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрайымы. Шымкент қаласы Қоғамдық Кеңестің мүшесі.
Б.Қ.Исабек – 150-ге жуық ғылыми мақала, 1 монография, 8 оқу құралы, 7 авторлық оқу бағдарлама, 12 оқу-әдістемелік құралының авторы. Бірнеше халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, Стамбул, Измир, Мәскеу, Цукуба (Жапония), Ташкент, Астана, Алматы қалаларында білімін жетілдіріп, біліктілікті арттыру курстарынан өткен. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың "500 Ғалым жобасы" бойынша 2022 жылы "Болашақ" халықаралық стипендия иегері атанып Германия Федеративтік Республикасында тағлымдамадан өтті және "Стратегиялық менеджмент және жоғары білім берудегі көшбасшылық. Университетті басқару" сертификатын иеленді.
Б.Қ.Исабектің жетекшілігімен бірнеше магистрлік диссертациялар мен дипломдық жұмыстар қорғалды. Шәкірттері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған республикалық олимпиадалардың, ғылыми жұмыстардың, «Болашақ» стипендиясының жүлдегерлері болды. Оның тікелей жетекшілігімен бірнеше республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар және республикалық олимпиадалар өткізілді.
Б.Қ.Исабектің тікелей басшылығымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты 2015 жылдың 2-9 сәуір аралығында институционалдық және 23 мамандық бойынша мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі жүргізген сыртқы аудиттен сәтті өтуіне байланысты оқу орны 5 жыл мерзімге, яғни 24.04.2020ж. дейін ұзартылған куәлікке ие болды. 2020 жылы тағы да 5 жылға қайта аккредиттелді.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан педагогикалық институттарды университет жасау үшін жұмыс жасауға тапсырма берілді. Ол үшін институттарға бакалавр-магистратура-докторантура деңгейінде кемінде үш бағытта мамандықтарға лицензия алу керек болды. Осы күрделі міндетті Баршагүл Қашқынқызы абыроймен атқарып шықты. 2016-2017 оқу жылында институттың 23 мамандығына қоса Білім және ғылым министрлігінің эксперименттік бағдарламасы бойынша 6 қосарланған Химия-Биология, Математика-Физика, Математика –Информатика, Физика-Информатика, География-Тарих, Тарих-Дінтану мамандықтарына лицензия алынды. Сонымен қатар институтымыздың университет мәртебесіне ие болу үшін үш бағыт бойынша төрт мамандыққа қоса лицензия алынды: Дизайн, Филология, Аударма ісі, Биология.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінен білім берудің үш саласы : Педагогикалық ғылымдар, Өнер және гуманитарлық ғылымдар, Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика даярлау бағыты бойынша магистратура, докторантура және әскери кафедра ашу барысындағы жұмыстың күрделілігі, жауапкершілігі және абыроймен атқаруда Б.Қ.Исабектің еңбегі ерен. 2018-2019 оқу жылында университет жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар бойынша 15 мамандыққа магистратураға және 8 мамандыққа докторантураға мемлекеттік лицензияларға ие болды. 2019-2020 оқу жылына 34- бакалавриатқа, 22- магистратураға, 11- докторантураға арналған жаңа білім беру бағдарламалары жасалынып, университеттің Ғылыми кеңесінде бекітілді.