Профессор-оқытушылардың жетістіктері
Профессор-оқытушылардың жетістіктері
Кафедра оқытушыларының біліктілік арттыру курстары
Оқытушы-профессорлардың Coursera онлайн курстан өткен сертификаттары
СҮЙІНШІ!
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Филология факультеті, Қазақ тіл мен әдебиеті кафедрасының РһD докторы, қауымдастырылған профессор м.а. Ақбілек Мыңбаева алдағы жылы АҚШ-тың California-Davis университетінде ғылыми тағылымдамадан өтпек. Жас ғалымға бұл мүмкіндік "Болашақ" халықаралық стипендиясы арқылы беріліп отыр.
Ақбілек Пазылханқызы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқушыларға жеңілдетілген әдіспен үйрету жобасымен айналысуда. Бқл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз деп танылып, 14 миллион теңге ұтып алған. Нәтижесінде ол жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сынып оқушыларына арналған электронды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін жасады. Жас ғалымның әдістемесі лингвистика мен мәтінді талдауға негізделген. Оқыту мен ғылымды шебер ұштастырған маман "ЖОО үздік оқытушысы" атанып, көп ұзамай Түркияның Гази университетінде тағылымдамадан өткен. Енді міне, үздіксіз ізденістің нәтижесінде АҚШ-қа ғылым көкжиегі ашылып отыр.
Оқытушы Ғ.Өміртайұлы Сауд Арабиясында!
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Танабаев Ғалымжан Өміртайұлы Сауд Арабиясындағы Биша қаласында орналасқан Биша университетінде болды.
Ғалымжан Өміртайұлының бұл сапары "Нұқ пайғамбар:365 күндік жанталас. (Қазығұрт тауындағы 139 күн)" атты ғылыми-танымдық, рухани зерттеу кітабымен тығыз байланысты. Автор өзінің 40 баспа табақтан асатын көлемді еңбегінде әлемдік топан судың қазақ жерінде қалған паспортының суреттерін, кеменің жүзіп өткен жолдарының картасын көрсете отырып, Құран Кәрім, Библия жазбалары және тау тастарына таңбаланған бейнелер мен сызбалар сырын ашуды мақсат еткен.
Автор осы зерттеу жұмысын жетілдіріп, жалғастыру мақсатында Сауд Арабиясындағы Халид патша атындағы Абха университетінің ұстаз, профессор, ғылым докторлары Мұхаммед Шехри мен Хамид Қарнимен кездесті. Өз зерттеу жұмысын таныстырып, пікір алмасты. Профессор Мұхаммед Шехри келген қонақтарға Абханың көрікті жерлерін аралатып, Сауд Арабиясының ең биік жері Әл-Сауда тауын көрсеткен. Жергілікті ғалымдар тауға жақын маңдағы Тәбәлә ауылына "Нұқ а.с. пайғамбардың кемесі тоқтаған" деген аңыздың барын айтып, бөліскен.
Әріптесіміз Ғалымжан Өміртайұлы мен оған шет елде серіктес болып жүрген Ұлықбек Алиакбарұлына сәттілік тілеп, табысты оралыңыздар дейміз.
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Филология факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ардагер ғалым-ұстазы Омар Базаркүл апайымыз ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Ұстаздарадың ұстазы Базаркүл апайымызға мықты денсаулық, мол күш-қуат тілейміз! Біз сізбен мақтанамыз, Ортамызда аман-сау жүре беріңіз!
Көршілес Қырғыз Республикасында өткен конференция
23-25 қараша күндері Манас қырғыз-түрік университеті, «Түркі өркениетін зерттеу және тәжірибе орталығының» ұйымдастыруымен өтетін "ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ" өтті. Симпозиумға университетіміздің оқытушы-профессор құрамы мен магистранттар қатысып, білім көкжиегіндегі тіл мен әдебиетті оқыту мәселелері, түркі тарихы туралы баяндамаларын оқыды. “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының PhD докторы А.П.Мыңбаева “А.Байтұрсынов шығармаларының коннотациясы” тақырыбында, 7М01701-Қазақ тілі мен әдебиеті педагогін даярлау білім беру бағдарламасының магистранты Асильбек Ақнұр PhD докторы А.П.Мынбаеваның жетекшілігімен “Қаһар” романын уақыт пен кеңістік категориясы аясында оқыту” тақырыбында симпозиум отырысында баяндамаларын оқыды. Конгреске Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің ЖОО оқытушы-профессор құрамы құнды баяндамалар жасап, алдағы уақыттарда Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бойынша сыртқы ұтқырлық бойынша келіссөздер жүргізілді.
Өзбекәлі Жәнібеков - ұлт руханиятының биігінде тұрған тұлға
Астанада аңызга айналған тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналған Қазақстан музей қызметкерлерінің Конгресі өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттык музейі директоры м.а. Айбек Жексеналыұлы Сыдықов модераторлық еткен пленарлық мәжіліске Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызы, белгілі мемлекет жене қоғам қайраткері,филология ғылымдарының докторы,профессор Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы, мемлекет жане қоғам кайраткері, техника ғылымдарының кандидаты Мыңбай Дархан Қамзабекұлы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Жәнібеков Бауыржан Өзбекәліұлы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Жәнібек-Шәріпова Әзел, ҚР Ұлттық, Fылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы қатысты. «Өзбекәлі Жәнібеков және қазақтың ұлттық мәдениеті» деп аталатын бірінші секцияда Ө. Жәнібеков атындағы Онтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, филология ғылымдарының кандидаты Нүрпейісов Нариман Жұмашұлы «Өзбекәлі Жәнібеков - ұлт руханиятының биігінде тұрған тұлға» такырыбында баяндама жасады.
Кафедрамызда қонақта - Бақытжан Келгембаева!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультеті, "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасына ішкі академиялық ұтқырлық негізінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұстазы, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Келгембаева Бақытжан Бекенқызы дәріс оқыды.
11-23 қыркүйек аралығында Бақытжан Бекенқызы "Қазақ тілі мен әдебиеті педагогін даярлау" білім беру бағдарламасында оқитын екінші курс магистранттарына "Қазақ әдебиетіндегі дәстүр және жаңашылдық" пәнінен, "Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау" білім беру бағдарламасының бітіруші курсына "Әдебиет теориясы" курсынан дәріс оқып, практикалық сабақ жүргізді.
Білікті маман білім алушыларды оқыта жүріп, кафедра оқытушы-профессорларымен тәжірибе алмасты.
АССАМБЛЕЯ АЙШЫҒЫ!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Құрбанов Ағапаша Шымкент қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ІҮ сессиясында "Мемлекеттік тіл - жалпыұлттық бірлігіміздің кепілі" тақырыбында баяндама жасады. Ұстаз-ғалым өз сөзінде қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілін білу әрбір қазақстандықтың міндеті екенін айта келіп, атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.
Постодкорантымыз - Түркияда!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының PhD докторы, постдокторант Мыңбаева Ақбілек Пазылханқызы ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландырылған АР15473614 "Білім беру парадигмасындағы мәдени-тілдік құзыреттілік: метатілдегі коннотация" атты "Жас ғалым" ғылыми-зерттеу жобасы аясында Анкара қаласы, Гази университетінде шетелдік тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама барысында екі елдің орта және жоғары сынып білім беру мазмұны мен оқулық арасында салыстырулар жасап, қазақ және түрік тілі сөздерінің қосымша мағыналарының бағалануы, контексте мағына беру ерекшелігіне салыстырмалы-салғастырмалы талдаулар жасады. Гази университеті мен ОҚМПУ арасындағы келісім шарттың болуы жастарымыздың академиялық дамуы жағынан да көп үлесін қосады.
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұстазы, ф.ғ.к., доцент м.а. Мамыт Амангелді Алтыбайұлы 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында ректор алғыс хатымен марапатталды. Еңбекте табыс, шығармашылық шабыт тілейміз!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Ғалым хатшысы, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушы, ф.ғ.к. Байғұтова Ақлима Мархабатқызы, Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушы Үкібасова Қалия Аманбекқызы және кафедраның аға оқытушысы, PhD докторы, доцент м.а. Мыңбаева Ақбілек Пазылханқызы Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғары білім министрінің ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН марапатталды. Еңбектеріңізге табыс, ғылымда мол жетістіктер тілейміз!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Өнерде білім саласының дамуына, өскелең ұрпақтың рухани және зияткерлік деңгейін арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін ОҚМПУ Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті ф.ғ.к. Құрбанов Ағапаша Гүләліұлы Түркістан облысы әкімінің грамотасымен және кафедраның аға оқытушысы, ф.ғ.к. Сапарбаева Қарлығаш Жылқыбайқызы Түркістан облыстық маслихатының грамотасымен марапатталды. Білім және ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарымызға еңбекте тек табыс тілеп, құттықтаймыз!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
2022-2024 жылдарға арналған "Жас ғалым" жобасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурс өткізетінін хабарлаған болатын. Конкурс бойынша Университетіміздің PhD докторы Мыңбаева Ақбілек Пазылханқызының "Білім беру парадигмасындағы мәдени-тілдік құзыреттілік: метатілдегі коннотация" жобасын ҰҒК мақұлдады.
Жобаның мақсаты: Білім алушылардың мәтінмен концептуалды жұмыс жасау дағдылары мен шеберліктерін игеруі, оның әдістемелік трасформация мен өзіндік тілдік туындыларды талдай алу қабілеттеріне ие болуы мәдени-тілдік құзыреттілікті қалыптастырудың басты әрі маңызды шарты болып саналады. Осы шарттың негізінде тіл мен мәдениеттің байланысын қарастыратын ғылым салаларының аспектілері тұрғысынан метатілдегі коннотацияның лингвомәдени сипатын анықтай отырып, ұлттық мектептерде оқушылардың мәдени-тілдік құзыретілігін қалыптастырудың әдіснамасы мен әдістемелік жүйесі ұсынылады. Ғылым мен білім жолындағы ізденістеріне сәттілік тілеміз!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Құрбанов Ағапаша Гүләліұлы және қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Пазылова Алмагүл Пазылханқызы "AMANAT" партиясының алғыс хаттарымен марапатталды.