ОҚМПУ студенттері ұлы отан соғысының ардагерімен кездесуі

 

2022 жылдың 4-мамыр күні Ұлы Отан соғысында Жеңістің 77 жыл толуына орай «Дене шынықтыру және спорт» факультетінің ұйымдастыруымен 6В01401 - Бастапқы әскери дайындық мұғалімін даярлау білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері және оқытушылары: Құлсейтов Мелдебек Тазабекұлы, Батаев Дулат Алшынбаевич, «Дене шынықтыру және спорт» факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекбосунов Аңсарбек Құралұлының бастауымен Ордабасы ауданына қарасты Бадам елді мекенінің 98 жастағы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұратов Кәлменмен кездесу өткізіп қайтты.
Ол кісі бізбенен өмірбаяны және сұрапыл соғыс жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Мұратов Кәлмен — 1924 жылғы 21-ақпанда Арыс ауданы, Бөржар ауылдық Кеңесіне қарасты И.В.Сталин атындағы колхозда туылған. 1942 жылғы 1-тамызда «Бірлік» орталау мектебінің 6-сыныбында оқып жүргенінде әскерге шақырылды. Аягөзде командирлік курста алты ай оқып, сержанттық шен алды. 1942 жылғы желтоқсаннан 1943 жылғы қазанға дейін Серкопольда сарбаздарды соғысқа даярлады. Қарашада Бірінші Белорусь майданында неміс басқыншыларымен алғашқы ұрысқа түсті. 1944 жылғы ақпанда Витебск қаласында, 1-разьезде жау қорғанысын бұзу үшін болған шайқаста сол қолынан жараланып, Горькийдегі Дзержинскийдегі госпитальдарда емделіп, ауылына екінші топтағы мүгедек болып оралды.
Теміржолда ұзақ жыл еңбек етіп, «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанды. «Құрмет белгісі», I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Астанаға 10 жыл» және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Ол өз сөзінде әскерде әскери тәртіптің мықтылығы, командирлерінің бұйрықтарын, тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны туралы еске салып өтті.
Бүгінгі күнде өткенді еске алу, жастардың жүрегінде патриоттық сезімдерін оятуда, кешегі соғыста антына адал болған жауынгерлердің кейінгі ұрпағына үлгі болары анық. Оларға құрмет көрсету ұрпақ парызы!