ШЫҢЖАҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-Ректордың у.м.а. Гүлжан Сүгірбаева мен Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков Қытайдың Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде ресми кездесу өткізді.

Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ делегациясын университеттің Басқарма кеңесінің төрағасы Гэ Го мырза, проректор Патиман Турсон және халықаралық байланыстар мен ғылыми зерттеулер бойынша құрылымдық бөлімдер басшылары қарсы алып, университет кампусымен, материалдық-техникалық базасымен таныстырды.

1978 жылы ҚХР Білім министрлігінің бұйрығымен құрылған Шыңжаң педагогикалық университеті Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы негізгі педагогикалық жоғары оқу орны болып табылады. Университеттің 20 факультетінде барлығы 20 мыңнан астам студент білім алып, мыңнан астам білікті профессорлар қызмет етеді. Сондай-ақ, университет құрамында 2 еншілес балабақша, 1 бастауыш мектеп, 3 орта мектеп жұмыс жасайды.

Оқу орны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы мен Үрімші халқының мәдениетіне, негізгі стратегиялық қажеттіліктеріне жіті көңіл бөліп, этнопедагогиканың тұжырымдамаларын берік ұстана отырып, халықты жоғары біліммен қамтуға, іргелі зерттеулердің инновациялық дамуына және қолданбалы зерттеулермен тығыз интеграциялануына ықпал етіп келеді.

Университеттің ғылыми әлеуеті жоғары: мұнда 157 оқу, кәсіптік және ғылыми-зерттеу зертханалары бар. 55 000 шаршы метр аумақты қамтитын кітапханасында 1,78 миллион томдық кітап қоры, 152 мыңнан астам таңдаулы электронды журналдар, 555 мыңдай электрондық кітаптар қоры және 35 түрлі деректер базасы бар.

Бүгінгі ресми кездесу барысында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру, халықаралық зерттеулерді бірлесіп жүзеге асыру, қытай тілін үйрету курстарын ұйымдастыру мүмкіндіктері туралы кеңінен талқыланып, осы бағыттардағы бірқатар іс-шаралар жоспарланды.

Жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды мәселелері көтерілген басқосудың нәтижесінде екі жоғары оқу орны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум салада бірлесіп нәтижелерге жетуді мақсат ететін игі бастамаларды көздейді. Осылайша, Шымкент қаласы әкімдігінің делегациясының Қытайға ресми сапары аясындағы кездесулердің нәтижесінде, халықаралық аренадағы беделді серіктестеріміздің қатары тағы да артып отыр.