Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректордың у.м.а. Гүлжан Сүгірбаева мен Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбековтың Шымкент қаласы әкімдігінің ресми делегациясы құрамындағы Қытайға сапары бүгін Сиань халықаралық зерттеулер университетінде жалғасты.
Сиань халықаралық зерттеулер университеті (Xi’an International Studies University) Қытайдағы беделді серіктестеріміздің бірі саналады және бұл оқу орнымен мүдделеріміздің тоғысы ауыз толтырып айтарлықтай.
1952 жылы негізі қаланған бұл университет жаңа Қытайда құрылған алғашқы төрт шетел тілдері институтының бірі болып табылады. Қазіргі таңда университеттегі 23 факультет жергілікті студенттермен қатар әлемнің 37 елінен келген жалпы саны 20 мыңнан асатын студенттерге шетел тілдерін оқыту, жаратылыстану, гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, білім беру, экономика және құқық салалары бойынша білім беру бағдарламаларын ұсынады.
Университет Ректоры У Яову, проректор Цзян Яцзюнь және басқа да құрылымдық бөлімдер басшыларымен өткен нәтижелі кездесу барысында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын өзара тиімді шарттар бойынша ұйымдастыру; қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдері бойынша бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру; қазақ және қытай тілдерін оқыту бағытындағы білім беру бағдарламалары аясында белгілі бір академиялық кезеңге өзара оқытушылармен алмасу сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, қабылдаушы тарап Қытай Халық Республикасының гранттары шеңберінде Сиань халықаралық зерттеулер университетінде білім алуға Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің білім алушыларына арнайы 10 квоталық орын ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
Алдағы уақытта аталған бағыттар бойынша екі жоғары оқу орнына ортақ жұмыс тобы құрылып, ауқымды жобалар жүзеге асырылады деп келісілді.