«Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» бүгін Шымкентте қоғамдағы белсенді әйелдерге арналған тренинг өткізді.
Нәзікжандылардың саяси көшбасшылығын арттыруды көздеген жиынға аталған қоғамдық бірлестіктің төрайымы Раушан Сәрсембаева қатысып, іс-шараның маңызы мен міндеттері туралы түсіндірді. Сондай-ақ, «Әйел не үшін саясатпен айналысуы керек?» тақырыбында тренинг өткізіп, жан-жақты тәжірибе бөлісті.
Өңірлік шараға еліміздің Алматы, Тараз, Қызылорда, тағы басқа аймақтарынан қоғамда белсенді 30-дан астам әйел қатысты. Олар саяси көшбасшы мектебі бағдарламасын әзірлеу, тренинг ұйымдастыру бойынша спикерлер дәрісін тыңдады.
«Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Жанетта Жазықбаева әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту қоғамды демократияландырудың маңызды қадамдарының бірі деп санайды. Ал, ұйым мүшелері қоғамның әр саласында еңбек етуші әйелдерге саясатта да тең мүмкіндік беру керек деп есептейді.
«Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ арасында екіжақты меморандумға сәйкес іс-шара университет ғимаратында өткізілді. Биыл аталмыш ұйымға бес жыл толады. Альянс құрамына әйелдер мен балалар құқықтарының бұзылуы, гендерлік теңсіздік мәселелерін шешумен және әйелдердің саясатта, экономика мен қоғамдық қызметте алға жылжуға мүмкіндік тудырумен айналысатын 20 шақты ұйым кіреді. Тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.