Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбден профессор-оқытушылар құрамымен кездесті

ҚР Ғалымдар Одағының президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбден бүгін университетке келіп, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Алдымен жаңа оқу жылына түлектерді қабылдау комиссиясының жұмысымен танысқан Оразалы Сәбден кезекті ғылыми мәжіліске қатысып, оқу жылын жемісті жетістіктермен қорытындылап жатқан ұжымнан алдағы уақытта да жаңашыл бастамалар күтетінін жеткізді.
Оразалы Сәбденұлы бұдан кейін университетте арнайы қабылдау өткізді. Қабылдауда абитуриенттер мен олардың ата-аналарының ұсыныс-тілектері, мәселелері тыңдалды. Сондай-ақ, оқу орнының жас ғалымдарын қабылдады. Ғалымдарды бүгінгі таңда ғылыми басылымдарға мақала жариялау мәселесі алаңдатады. Scopus-қа мақала шығарудағы қиындықтар, ғылыми дәреже қорғаудың халықаралық талаптармен айырмашылығы, студенттердің зерттеу құзіретін шыңдай түсу үшін арнайы статистика пәнін оқыту, әдебиет пәнін оқытудың ұлттық маңызы сияқты өзекті мәселелер бойынша Бекарыс Нұриман, Руслан Бәріқұлов, Бағдат Әбдіқадыр сияқты жас ғалымдар ұсыныс білдірді. Айтылған проблемалар бойынша Оразалы Сәбденұлы алдағы уақытта ұсыныс-хат дайындап, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.