ХИМИЯНЫ МЮНХЕНШЕ ОҚЫТУ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ ҚАНДАЙ?

«500 ғалым»

ХИМИЯНЫ МЮНХЕНШЕ ОҚЫТУ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ ҚАНДАЙ?

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті химия кафедрасының профессоры м.а., философия докторы (PhD) Перизат Абдуразова Мюнхен техникалық университетінде (Германия) ғылыми тағылымдамадан өтуде. Мюнхен техникалық университеті – ЖОО-лардың әлемдік QS рейтінгінде 37-орындағы, ғылыми-зерттеу бағдарламаларымен, ғылымға деген инновациялық көзқарастарымен танымал беделді жоғары оқу орны.

Перизат Абдуразованың зерттеулері химиялық ғылыми зерттеулердегі заманауи әдістер мен тәсілдерге бағытталған. Әлеуетті ғылыми ортада тағылымдамадан өту арқылы ғалым аналогы жоқ заманауи құрал-жабдықтар мен зерттеу әдістерін қолдануға мүмкіндік алды. Бұл қазіргі химиядағы химиялық процесстер туралы түсінікті тереңдетуге, химиялық синтез, фотохимия, жасыл химия, компьютерлік модельдеу сияқты бұрын толық зерттелмеген салалардың қыр-сырын ашуға мүмкіндік береді.

Ғылыми тағылымдаманың негізгі бағыттарының бірі университет өткізетін ғылыми семинарлар мен конференцияларға белсенді қатысу болып табылады. Бұл іс-шаралар әлемнің жетекші ғалымдарымен білім және идеялар алмасуға, сондай-ақ, зерттеу нәтижелерін кеңірек аудиторияға ұсынуға ықпал етуде. Химиядағы металл-органикалық қосылыстарды синтездеуге елеулі үлесін қосқан әйгілі химик-ғалым, Мюнхен техникалық университетінің Құрметті Президенті, профессор Вольфганг А. Герман (h-index 109) сынды тәжірибелі ғалымдардың ғылыми жетекшілігімен «Диэлектрлі материалдардың бетіне металл қабықшаларын (мыс, күміс және алтын) фотохимиялық тұндыру және олардың бактерицидті қасиеттерін зерттеу» жеке жобасы бойынша жұмыс істеу ғалымға тәжірибеде қолдануға болатын бірнеше жаңа әдістемелерді жасауға мүмкіндік берді.

Жас ғалым тағылымдама аяқталған соң Қазақстанға оралып, алған білімі мен тәжірибесін отандық ғылым саласын дамытуда қолдануды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – еліміздің, оның ішінде университеттің ғылыми жетістіктерінің деңгейін арттыруға ықпал ететін жаңа білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеуге үлес қосу.

Айта кетелік, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жүзеге асырып жатқан, талантты ғалымдарды қолдауға арналған «500 ғалым» ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы еліміздің ғылыми әлеуетін дамытудың маңызды құралына айналып үлгерді. Бағдарлама отандық ғалымдарға әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында озық ғылыми әдіс-тәсілдерді зерттеуге, үздік зертханаларда жұмыс істеуге және ауқымды зерттеулерге қатысуға бірегей жағдай жасауда. Бұл олардың біліктілігін арттырып қана қоймай, кәсіби көкжиектерін кеңейтіп, халықаралық ғылыми жобаларға үлес қосуға және көпмәдениетті ортада жұмыс істеудің құнды тәжірибесін алуға мүмкіндік беруде.