АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСАҚҚА — 60 ЖЫЛ!

*Университет тарихын жасаған

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСАҚҚА — 60 ЖЫЛ!

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ археологиялық жасағына биыл 60 жыл!

Қазақстан тарихының ақтаңдақтарын ашу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан археологиялық жасақ 1964 жылы Николай Павлович Подушкиннің бастамасымен құрылған. Тарихи-қазба жұмыстарын зерттеу тобы алғаш ШПИ жанынан өз жұмысын бастады. Алғашқы экспедициялары Арыс өзені алабының орта ағысындағы Қарауылтөбе мен Наймантөбенің ерте қоныс тұрақ ескерткіштерін зерттеумен байланысты болды.

1967-1970 жж. Төрткүлтөбе қалашығына қазба жүргізілді. 1974 жылы Біркөлік шатқалындағы тұраққа қазба жұмыстары барысында Александр Николаевич Подушкин тәжірибеден өту кезінде ШПИ-дің тарих факультетінің студенттер ұжымының жетекшісі болды. Ал, 1975 жылдан қазіргі уақытқа дейін университеттің археологиялық жасағының, сонымен қатар 2023 жылы құрылған Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ археология орталығының жетекшісі болып келеді.

1979 жылдан бастап ШПИ-дың археологиялық жасағы б.з.д. IV-VI ғғ. мерзімделетін ерте қала үлгісіндегі қонысты-бекініс пен оған жақын орналасқан Алтынтөбе қорымы мен Төлебайтөбе қалашығы мен қорымдарына қазба жұмыстарын жүргізді. 1977-2007жж. арасында Оңтүстік Қазақстанның Арыс-Қаратау аумағындағы археологиялық нысандардан табылған әралуан заттық деректерді жүйелей келе, археолог А. Н. Подушкин осы аумақтың ежелгі тұрғындарының материалдық мәдениеті, таным-түсініктері, шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерін саралап, Отырар-Қаратау мәдениетінен жергілікті бірегей Арыс мәдениетін бөліп шығарды. 1992 жылдан бастап жыл сайын үздіксіз, дәстүрлі түрде тарих факультетінің I курс студенттерімен Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылында, Күлтөбе қалашығы және Күлтөбе мен Қылышжар қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді.

Университеттің археологиялық жасағымен жыл сайын жүргізген қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ көрме орталығы мен Мемлекеттік орталық музейге өткізіледі. Университетіміздің көрме орталығында тас ғасырынан қарахан кезеңіне дейінгі аралықты қамтитын жәдігерлер қойылған. Нақтырақ айтқанда, қыш ыдыстар, қару-жарақ, әшекей бұйымдар сияқты көптеген жәдігерлерді университет қонақтары мен студенттер, сонымен қатар қала тұрғындары да көре алады. Осы уақытқа дейін көрмені мыңдаған студенттер мен келушілер тамашалап үлгерген. Олардың ішінде шетел азаматтары да бар. Айта кететіні, бұл жәдігерлер университеттің археологиялық жасағы 60 жыл аралығында тапқан түпнұсқалар.

Университеттің I курс студенттеріне өткізілетін археологиялық іс-тәжірибе т.ғ.д профессор А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен биыл да жалғасын тапты. Археологиялық жасақ Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылында жоғарыда айтып өткендей қалашық пен қорымдарда қазба жұмыстарын жүргізуде. Биыл іс-тәжірбиеден өтуге тарих және педагогика факультетінен 50 студент қатысуда. Іс-тәжірибе кезінде студенттер т.ғ.д., профессор А.Н.Подушкиннің лекцияларын тыңдап, теориялық білімдерін практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік алуда. Археологиялық іс-тәжірибе жұмысына университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева қатысып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар болашақ маман иелеріне жаңа тарих беттерін ашып жатқандығын айтып, археология саласының ел тарихында алар орны мен маңызын түсіндірді.

«Биылғы далалық маусымда студенттермен бірлесіп 3 жазба текше бөлік, прото соғды жазуын таптық. Әліде жалғасын табады деген ойдамыз» —дейді археологиялық орталықтың маманы Гүлмира Стамқұлова.