«Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Биыл — Алаштың ардақты ұлы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, ақын, ағартушы, публицист Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл.

Сұлтанбек Қожанов 20-ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ол елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915 жылдан бастап белсене кірісіп, алдына зор мақсат қоя білген. ХХ ғасырдың 1920-30 жылдары Түркістан Республикасында қызмет ете жүріп, елге білім тарату, халықты сауаттандыру, ағарту ісінің ұйымдастырушысы, жүзеге асырушысы болды.

Қожанов қай салада қызмет етсе де бірінші кезекте ойлағаны ұлттық мүдде болған. Ол үшін күресті. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешті. Орта Азияда әр ұлттың өз шекарасы болуын армандады.

Бүгін Созақ ауданы әкімдігі мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ұйымдастыруымен Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған тағылымды шара өтуде. Іс-шара аясындағы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан ғалымдар ұлт зиялысының ерен еңбегі туралы зерттеулерімен қоса, айтылмаған ақиқаттарды да тарих қойнауынан аршып, сұлтанбектану ғылымына олжа сала білді.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Алаш қайраткерлерінің есімін ардақтауға әрдайым сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінгі шарадағы зерттеулер мен еңбектер Сұлтанбек Қожанов есімін келер ұрпаққа өз деңгейінде таныта алса, біздің мақсаттың орындалғаны.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры м.у.а Г.Д.Сүгірбаева