ҚАЗАҚСТАН РӘМІЗДЕРІН ОН РЕТ АСҚАҚТАТҚАН ЧЕМПИОН СТУДЕНТ!

4-маусым — Мемлекеттік рәміздер күні

ҚАЗАҚСТАН РӘМІЗДЕРІН ОН РЕТ АСҚАҚТАТҚАН ЧЕМПИОН СТУДЕНТ!

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ денешынықтыру және спорт факультетінің 2-курс студенті Данияр Роман талай байрақты бәсекелерде рәміздерімізді асқақтатып жүрген чемпион!

Данияр — 4 дүркін ҚР чемпионы, 4 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Яғни, ол қатысқан додаларда еліміздің Әнұраны 10 рет орындалып, Көк байрағымыз биікке көтерілді.

— Көк байрағымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалатын сәттің бірі — спорттық жарыстар екенін білесіздер. Университетімізде байрақты бәсекелерде елімізді шетелдерге танытып, рәміздерімізді асқақтатып жүрген жастар жеткілікті. Олар республика, әлем чемпиондары. Әсіресе, қолкүрестен спортшыларымыз үнемі алда. Жастарымыз олимпиада кезінде қуаныштан көзіне жас алып жатады. Бұл «мен чемпион болдым» дегеннен емес, «елімнің намысын қорғадым» деген толқулы сәттің сезімі. Кейде халықаралық жарыстарда Әнұранымыздың орнына басқа елдің гимні орындалып кетсе, жеңімпаздарымыз бірден Әнұранды өздері шырқай жөнеледі. Бұл спортшыларымыздың ұлттық рухын, патриотық сезімін көрсетеді. Студенттерге біз де өз тарапымыздан мемлекеттік рәміздер туралы түсінік жұмыстарын жүргіземіз, - дейді университеттің «Тұран» спорт клубының жетекшісі Ержан Балабаев.

Ал, Шардара қаласында туған қолкүрес шебері Данияр Арманұлы дәл қазіргі сәтте Бурабай қаласында өтіп жатқан республика чемпионатында бақ сынауда.