Coursera курстары басталды!

Елімізде Coursera платформасының пайдаланушы лицензияларын 2024 жылға 15 мамырдан бастап 31 желтоқсанға дейін пайдалануға мүмкіндік берілді.
Coursera білім беру платформасы әлемнің түкпір-түкпірінен 124 миллионнан астам оқушы мен 185-тен астам серіктесті біріктіреді.
Ең ірі және аса беделді жаһандық білім беру экожүйесінің білім беру контентін оқшаулаудың арқасында қазір ағылшын тілін білмейтін немесе оны жеткілікті деңгейде меңгермеген қазақстандықтар әлемдік деңгейдегі сертификаттау бағдарламалары бойынша онлайн-оқытудан өтуге мүмкіндік алды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті 300 лицензияға ие болып, білім алушылар онлайн оқыту платформасында түрлі курстар бойынша біліктілікті арттырып, білімді тегін жетілдіруге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, белгіленген уақыт аралығында шетелдік ғалымдардың тағылымдарын тыңдап арнайы сертификаттарға ие болады. Жоспарланған 3 лектің (поток) 1-лек білім алушылары курстарға тіркеліп, оқуларын бастады.
BMG UpSkill – Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі. Компания әртүрлі білім, дағдылар мен пәндердің кең ауқымын қамтитын 11 мыңнан астам және 100-ден астам жергілікті оқу курстарына қол жеткізуді ұсынады. Курстарға инновация, көшбасшылық және менеджмент, мансаптық даму, маркетинг, киберқауіпсіздік, эконометрика, деректерді талдау, үлкен деректер, менеджмент, адамның дамуы және т.б. кіреді. Жобаны ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың білім алушылардың әлемдік цифрлық кітапханаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ұйымдастырып келеді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Coursera платформасында білімдеріңізді жетілдіруге шақырамыз.