Петропавлдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ерікті студенттері Петропавлдағы су тасқынынан зардап шеккендерге ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына атсалысты.
Студенттер Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері жолдаған гуманитарлық көмек заттарын жүк көлігіне тиеп, қолұшын созды. Жолданған көмек құны барлығы 20 миллион теңгеден астамды құрайды.
Ізгі іске ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева да қатысты.
— Оқу орнымыз су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 5 студентке грант тағайындады. Сондай-ақ, эвакуациямен келетін тұрғындарға үй-жайы салынып біткенше уақытша тұрақтау үшін студенттер үйлерін пайдалануға беру туралы шешім қабылдады, — дейді Гүлжан Дәулетбекқызы.