Чехиядағы Палацк университеті студенттерінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы өз мәресіне жетті

Чехиядағы Палацк университеті білім алушыларының Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дағы бір айға созылған кредиттік академиялық ұтқырлық бағдарламасы өз мәресіне жетті.

Қорытынды кездесуде шетелдік білім алушылар бағдарлама туралы өз ойларын айтып, атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ең алдымен қатысушылар бағдарламаның мазмұндылығын, жан-жақтылығын жоғары бағалады. Себебі ұтқырлық барысында олар ОҚПУ-дың жоғары білікті профессор-оқытушыларының күнделікті дәрістеріне қатысып қана қоймай, мәдени-тарихи, шығармашылық іс-шараларға да куә болды. Шетелдіктердің жергілікті ортаға жылдам бейімделуіне ықпал ету үшін арнайы психологиялық тренинг те ұйымдастырылған болатын.

Бағдарлама мазмұнынан бөлек, чехиялық студенттер «жасыл желекке оранған» Шымкент қаласы мен «білім алушыларға озық мүмкіндіктерді ұсынып отырған заманауи» университет туралы оң әсерлерімен бөлісті.

Кездесу соңында білім алушыларға сертификаттар мен кәде сыйлар табысталды. Өз кезегінде студенттер кредиттік ұтқырлық бағдарламасы туралы жақсы әсерлерін жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Алдағы жаңа оқу жылында ОҚПУ білім алушылары Палацк университетінде аналогты бағдарламаға қатысатын болады.