Академик Кәрімбек Құрманәлиевпен кездесу өтті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевпен кездесу болды.
Кәрімбек Арыстанбекұлы — Қазақстан Республикасы Білім беру саласының құрметті қызметкері. 1986 жылы Алматы шет тілдері институтын (қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін) бітірген.
Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі;
«Қайнар» университетінің вице-президенті-ректоры;
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру департаментінің директоры;
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының вице-президенті қызметтерін атқарған.
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Профессор Ш.Сарыбаевтың жетекшілігімен "Батыс Сібір қазақтарының тіл ерекшеліктері" деген тақырыпта кандидаттық, «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Ғылыми еңбектері қазақ, орыс, неміс тілдері мәселелеріне арналған Кәрімбек Құрманәлиев «Сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері», «Төрттілдік тақырыптық тілдесім», «Тіл және тұлға» және тағы да басқа бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы.
Кездесуде кеш иесі өзінің өнегелі өмір жолы туралы студенттерге сыр шертті. Сұрақтарға жауап берді. Іс-шараны университет Басқарма төрағасы-ректор м.у.а Гүлжан Сүгірбаева жүргізіп отырды.