Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Үздіксіз кәсіби педагогикалық дамудың жаңашыл бастамалары» І халықаралық форум басталды. Форумға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан республикасынан және еліміздің барлық аймақтарынан педагог даярлаушы білікті мамандар қатысты.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің сапалы жаңашыл бастамаларын іске асыруда халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға арналған шараны университет Басқарма мүшесі- Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек ашып берді.
Форум барысында мектепке дейінгі білім беру мен ЖОО-да білім беру бағдарламаларын сәйкестендіру бойынша пікір алмасып, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының бастамалары таныстырылды. Сондай-ақ, халықаралық және отандық ғалымдардың ғылыми жобалары таныстырылып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстардың маңыздылығы талқыланды.
Іс-шараның ерекшелігі, бұл жолы қатысушылар балабақшада білім берудің әдістемесін зерттеп қана қоймай, тәжірибе жүзінде түрлі ойындар мен сабақтар ұйымдастырылды. Қаладағы бірнеше бөбекжайларда ертегі терапиясы, физикалық және зияткерлік ойындар, айналамен танысу тақырыптары бойынша түрлі экскурсиялар өткізілді.