«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында мектеп директорларының бітіруші студенттермен кездесуі өтті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Астана қаласының мектеп директорлары мен бітіруші студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Әйтімова, №88 мектеп-лицейінің директоры Жанат Айтова, №45 орта мектеп директоры Гүлназ Жарылқапова қатысты.

Жанат Тұрысбекқызы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталғанын атап өтті. Жайлы мектептердің айырмашылығы — олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бірынғай негізде жабдықталады.

Мектеп директорлары сондай-ақ, мектептерге заман талабына сай технологияны қолдана алатын мамандар қажет екенін және жайлы мектеп тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдердің оқу процесін жүзеге асыруына қолайлы орта қалыптастырғаны жайлы баяндады. Сонымен қатар бітіруші студенттерге жұмысқа қабылдаудың тәртібін түсіндіріп, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары пен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығы негізінде конкурс арқылы жұмысқа қабылдайтынын ескертті.