Өмір бойы оқыту – жаңа мүмкіндік алаңы

Өмір бойы оқытуды дамыту Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының үш негізгі бағытының бірі болып табылады.

Жалпы, өмір бойы оқыту дегенді қалай түсінеміз? Бұл адамның кәсіби дағдылары мен білімінің үнемі жаңаруы ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіруі мен жеке өсуінің үздіксіз процесі. Яғни, өмір бойы жаңа дағдыларды игеруге саналы түрде ұмтылу деген сөз.

Бүгінгі таңда жоғары білім беру ұйымдарында «Күміс университеті» жобасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаның міндеті – аға буын азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және өзін-өзі таныту мақсатында ішкі мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ашу, жандандыру. Себебі, технологиялар мен инновациялардың қарқынды дамып келе жатқан әлемінде ескірген білім пайдасыз болуы мүмкін, сондықтан еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі жаңару мен оқып-іздену қажет.

Осы қажеттілікті қанағаттандыратын оқу орындарының бірі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті болып табылады. Университетте «Күміс университеті» жобасы бойынша бірнеше бағдарлама жұмыс жасауға дайын.

Аға буын өкілдерін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі жаңару мен оқып-ізденуге шақырамыз.