ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ҒАЛЫМДАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСІН ЗЕРТТЕУДЕ

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғалымдары білім беру саласында жасанды интеллект технологиясын тиімді қолдану әдісін зерттеуде. Техника ғылымдарының кандидаты Лаура Сүлейменованың жетекшілігімен зерттеліп жатқан «Білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруда LMS-те оқыту стратегияларын болжау үшін машиналық оқытуды интеграциялау» тақырыбындағы зерттеу жұмысы мемлекеттік қаржыландыру негізіндегі гранттық жоба болып табылады.

Бүгінде әлем халқы экономика, қауіпсіздік, медицина, саясат сияқты адам қызметтерінің бағыттарын қамтитын жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрондық желілер дәуірінде өмір сүруде. Сондықтан еліміздің дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде жасанды интеллект технологиясын және үлкен деректерді талдауды дамыту анықталуда.

Ал, осы бағыттағы білім берудің мақсаты тек мәтіндер мен қолжазбаларды оқыту болып табылмайды. Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу педагогиканың бірқатар сұрақтарына жауап береді.

ЖИ негізіндегі оқытуды жетілдіру соңғы онжылдықта қарқынды дамыды. COVID-19 пандемиясы кезінде мектептердің жабылуына байланысты тіпті кеңейе түсті. Дегенмен, ЖИ-ті оқыту нәтижелерін жақсартуға, білім беруде теориялық және практикалық тұрғыдан тиімді оқытудың қалай жүріп жатқанын бағдарлайтын деректер әлі де жеткіліксіз. Ал, аталған зерттеу жұмысы білім беру жүйесін жақсарту үшін жасанды интеллект технологиясын қалай қолдануға болады деген сұраққа жауап береді.

Лаура Асқарқызының жетекшілігімен зерттеліп жатқан гранттық жобаның жұмыс тобында сонымен қатар, PhD Е. Керімбеков, доцент, п.ғ.к. Г. Жақыпбекова, п.ғ.к Э. Әділбекова, доцент, п.ғ.к С. Алдешов, «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистр-оқытушы Н. Қалықұлов, докторанттар М. Сейсенбек, В. Нахыпова, профессор, т.ғ.д Б. Исмаилов бар.