АҚШ-тың California-Davis университетінде ғылыми тағлымдамадан өтеді

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің PhD доктор, қауымдастырылған профессор м.а. Ақбілек Мыңбаева алдағы жылы АҚШ-тың California-Davis университетінде ғылыми тағлымдамадан өтпек. Жас ғалымға бұл мүмкіндік «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы беріліп отыр.

Ақбілек Пазылханқызы мектептерде қазақ тілі мен әдебеиеті пәнін оқушыларға жеңілдетілген әдіспен үйрету жобасымен айналысуда. Бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз деп танылып, 14 миллион теңге ұтып алған. Нәтижесінде ол жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сынып оқушыларына арналған электронды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін жасады. Жас ғалымның әдістемесі лингвистика мен мәтінді талдауға негізделген. Оқыту мен ғылымды шебер ұштастырған маман «ЖОО үздік оқытушысы» атанып, көп ұзамай Түркияның Гази университетінде тағлымдамадан өткен. Енді міне, үздіксіз ізденістің нәтижесінде АҚШ-қа ғылым көкжиегі ашылып отыр.

Айта кетелік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де «Ғылыми тағылымдамалар» санаты бойынша барлығы 11 ғалым «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.