«АТЫМТАЙ» ОҚПУ-не КЕЛДІ!

 

Танымал кино және театр актері Ерік Жолжақсынов Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне келді. Белгілі өнер иесін университет Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева оқу орнының тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстырды.

«Қазақстан» мәжіліс залындағы студенттермен кездесу актердің кино өнеріндегі қолтаңбасын қалыптастырған «Заман-ай» фильмінің үзіндісімен ашылды. Кездесу барысы әсерлі сыр-сұхбатқа ұласты. Өнер иесінің өмірі мен өнеріне арналған сауалдар жолданып, естіліктер айтылды.

Композитор Қалдыбек Құрманәлі кеш қонағы туралы жылы лебізімен бөлісті. Ал, Ерік Қалиұлы өз кезегінде университет ұжымына қонақкәде ретінде домбырамен ән шырқады.

Шығармашылық кездесуді педагогика кафедрасы қазақ тарихының қасіретін бейнелеген «Заман-ай» фильмі негізінде студенттердің азаматтық тұлғасын жетілдіру, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында ұйымдастырды.

Гүлжан Дәулетбекқызы танымал талантқа ұжым атынан бағалы сый табыс етті. Кездесу соңы студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.