Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жұмыс тобы Анкарадағы Гази университеті мен Анкара университетінде тәжірибе алмасып келді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Республика күні мерекесіне орай Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаеваның тікелей қолдауымен және Басқарма шешімімен ОҚПУ-дың 7 қызметкеріне Түркияда тәжірибе алмасуға жолдама берілген болатын.
Нақтырақ айтқанда, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен бөлім басшыларынан құралған делегация мүшелері бауырлас әріптестермен өзара тәжірибе, пікір алмасты.
— Делегация құрамы Анкарадағы алпауыт екі жоғары оқу орны мен ОҚПУ арасындағы жоғары білім беру, оқу процесін ұйымдастыру, жоғары білім беруді ақпараттық және цифрлық қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын жасақтау, жастар саясаты мәселелеріндегі айырмашылықтар, ұқсастықтар, артықшылықтарды бағалап, басым тұстарын назарға алды.
Сондай-ақ, ЖОО-лар арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында бірқатар жоспарлар түзді, - дейді Басқарма мүшесі-ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков.
Өзара бағыттас салалар мен құрылымдық бөлімдер арасындағы тәжірибе алмасу білім беру сапасын арттыруға, ғылым мен жоғары білімді интернационалдандыруға қарқын берері анық.