БҮГІН — СТУДЕНТТЕР КҮНІ

 

17 қараша — халықаралық студенттер күні!

Университет аллеясында атаулы күнде Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаеваның Студенттік парламент мүшелерімен кездесуі өтті.

Жастардың болашағына оң талап тілеген ректор құттықтау сөз сөйледі.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллинаның оқу орнымызға арнайы келуі студенттер күнімен орайласыпты. Ол оқу орны мен жатақхананың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып, іс-шарада студенттерге ақ тілегін жолдады.

Сәуле Жәдігерқызының университет студенттеріне арнаған тамаша тартуы да бар екен. Белсенді және үлгерімі үздік 10 студентке арнап Бұқтырма су қоймасы жағасындағы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ КЕАҚ «Простор» жазғы экспедициялық кампусында зерттеу тәжірибесінен өтуге арналған сертификатты табыс етті.

Кездесуде студенттер басшылық құраммен еркін ой алмасып, өз өнерлерін көрсетті. Домбырамен ән айтылып, күй шертілді. Гүлжан Дәулетбекқызының студенттерге арнаған тосынсыйы — университет логотипі бейнеленген тәтті торт тарту етілді.