ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ПЕДАГОГИКАСЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСАДЫ

 

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ғалымдармен педагогикалық іс-тәжірибе алмасу жалғасуда. Арнайы бағдарлама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей бастамасымен жүзеге асуда.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне кезекті ғалымдар Өзбекстанның Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінен дәріс оқуға шақырылды. Шетелдік қонақтарды Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева қабылдап, бірлескен жоспарлармен бөлісті.

— Низами атындағы педуниверситетпен біз 1994 жылдан бері серіктеспіз. Екі елдегі оқу орнын тарихымыздың тереңдігі, бір саладағы айқын бағытымыз байланыстырады, - деді ректор.

«Олигофренопедагогика» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты П. Болатова, «Сурдопедагогика және инклюзивті білім беру» кафедрасының оқытушысы, PhD К.Садырова білім алушыларды арнайы педагогиканың маңызды бағыттары бойынша оқытпақ.

Ал, «Арнайы педагогиканың клиникалық негіздері» кафедрасының оқытушысы М. Болатходжаева және «Логопедия» кафедрасының оқытушысы, арнайы (дефектологиялық) білім беру магистрі Ю. Попова да алғашқы дәрістерін бастап кетті.

Дәріске қатысқан білім алушылар бауырлас ел педагогикасын оқытудағы ерекшеліктерге қызығушылық танытып, кері байланыс білдіруде. Шетелдік ғалымдар Қазақстаннан алған кәсіби әсерлерімен тәжірибе алмасу мерзімі аяқталған соң бөліспек.