БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

 

Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті баспасөз қызметінің мамандары еліміздегі ЖОО арналған республикалық семинар-тренингке қатысты. Шымкент қаласында өткен ауқымды шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Семинардың мақсаты медиаорталық мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мен әріптестердің өзара тәжірибе алмасуына арналды.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн платформада қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Министр ғылым және білім саласындағы маңызды реформаларды, жаңалықтарды жариялауда баспасөз қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, бірқатар жоспарларымен таныстырды. Осы бағытта ЖОО медиаорталықтарының құзіретін арттыру, проблемаларын шешу жөнінде нақты шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Семинар-тренингте елімізге белгілі медиа-тренерлер Айнұр Коскина, Марат Садықов және медиа-заңгер Гүлмира Біржанова ақпараттық қызметті дұрыс үйлестіру мен әлеуметтік желі концепциясы, креативті контент жасауға арналған дағдылар мен БАҚ саласындағы заңнамалық қағидалар тақырыбында дәріс оқыды. Министрліктің баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев бірнеше маманға министрдің Алғыс хатын табыс етті.