Білім күні - педагог үшін жылдың ең маңызды күні, кәсіби мерекесі. Бұл күн жаңа мүмкіндіктер мен шығармашылық бастамаларды айқындайтын, даму жолындағы көкжиекті бейнелейтін маңызды күн.
Университет қабырғасынан жыл сайын сапалы білім алып, болашақ ұрпаққа олардың жетістіктері мен жеңістеріне бастама беруші жүздеген жас педагогтар шығуда. Биыл олардың қатарына тағы да білім іздеп, арман қуған жаңа жастар легі қосылды. Оқу-ағарту ісінің майталман мамандарын даярлайтын оқу ордасы білім мен ғылым жолындағы ізденістен шаршамай, айқын шыңдарды бағындырушы білімгер жастармен қайта қауышуға қуанышты.
Осындай тамаша сәттің көрінісі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «1 қыркүйек – Білім күніне» арналған мерекелік концертте орын алды. Салтанатты жиын шымылдығын университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып, студент жастар мен ұлағатты ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Арманшыл жастарға жарқын болашақтың «алтын кілті» мен сапалы өмірдің бастамасы білім атты дархан жолдың жолдамасы ретінде «сынақ кітапшасын» табыстады.
Бұл күні студент жастарды білім күнімен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, университеттің 1992 жылғы түлегі, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова құттықтап, сәттілік тіледі.
Білімгерлер мен қонақтарға ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, «Эстрада» үйірмесінің жетекшісі Хадиша Шалабаева мен оның шәкірттері өнер көрсетті.
Университет түлегі, Халықаралық дәрежедегі дизайнер, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, Мәскеудегі «Этно – Эрато» байқауының алтын қайшы иегері, Евразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Марат Ерімбетовтің «Шашбаулым» коллекциясын ұсынды.
Ұлттық нақыштағы әсем бұйымдарды университет студенттерінен құралған – «Ақбаян» студенттік сән театры сахналады. Жетекшісі Шымкент қаласының «Үздік жас дизайнері» номинациясының иегері және де университет түлегі Мақпал Төреханова.
Мерекелік сахна төрінде университет жастарынан құралған "Тұмар" би ансамблі де көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Фото Береке Сейітжаппар