ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы Гүлзат Көбенова бүгін Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде студенттер үйінің ашылу салтанатына қатысты. Гүлзат Ізбасарқызы заманауи үлгіде салынған 500 орындық жеті қабатты ғимараттың білімгерлер үшін жайлы әрі қол жетімді екеніне, ондағы қауіпсіздік талаптарының өз деңгейінде сақталғанын көріп, жоғары баға берді.
Жиын соңында университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева бастаған ұжым Гүлзат Ізбасарқызымен бірге оқу орнын аралап, Өзбекәлі Жәнібеков орталығында болды. Мемлекет қайраткерінің құнды жәдігерлерімен танысты. Кәсіптік білім беру үйірмелері жасақталған өнер орталығының жұмысын көріп, көптен бері қызмет етіп тұрған №1 жатақхананың тұрмыс тіршілігіне де қанықты.
Гүлжан Дәулетбекқызы құрметті қонақтарға оқу ордасының әлеуеті, халықаралық байланыстары және болашақ жоспарлары туралы айтып берді. Ректор сондай-ақ университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысы, оның ішінде түркиялық университеттермен байланысы туралы әңгімеледі.