ӨТКЕННІҢ БЕЛГІСІНЕ, ЖАҢАНЫҢ БЕЛЕСІНЕ КУӘ БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих және педагогика факультеті бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасы еліміздің күнтізбесіндегі атаулы күндерге орай тәрбиелік мәні бар ауқымды іс-шаралар өткізді.

Кафедраның аға тәлімгері Гаухар Досқараеваның бастамасымен студенттер Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде болып тар өткел, тайғақ кешуде халқымыз бастан өткерген қиындықтар тарихымен танысты, нәубет жылдарда тағдыр сынағына ұшыраған тұлғалардың ғұмырлық деректерін танып білді, бүгінгідей бейбіт күннің қадірін сезінді.

Өмірлік жолын бала тәрбиесімен байланыстырған білім алушылар халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қалалық балалар емханасына барып, балаларға мерекелік тарту жасады. Студенттер ем алғалы келген балалардың көңілін ән-жырмен көтеріп, қызықты ойындар, байқаулар ұйымдастырды, сурет салудан жарыстырып, жаздың дәмі болған тәттілерден сыйлық жасады. Балалармен бірге бақытты балалық шаққа саяхат ұйымдастырған ОҚМПУ студенттеріне қала тұрғындары ризашылығын білдірді.