«ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

 

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих және педагогика факультеті Шымкент қаласының саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейімен бірлесе «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» семинарын өткізді. Іс-шараға тарих және тарих-дінтану білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер, оқытушы-профессорлар қатысып, халқымыздың нәубет жылдардағы тарихи тынысымен танысты.

Семинар жұмысы «Зұлмат» деректі фильмін тамашалаудан бастау алды. Ұлт қайраткерлері көрген қысым, дін өкілдеріне жасалған әділетсіздіктер жайлы тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ аға оқытушысы Бахадыр Айтай мен магистрант Абдуғаппар Сарыбаев архивтік құжат деректеріне негізделген хабарламалар жасап, ғылыми ізденістер нәтижелерін баяндады. Музейдің ғылыми қызметкерлері мен жиынға арнайы қонақ ретінде шақырылған саяси репрессия құрбандарының бүгінгі ұрпағы ұлт тарихындағы қасіретті күннің ауыртпалығы жөнінде толымды мағлұматтар беріп, жас ұрпақты елдігімізді ұлықтауға, ізгілікті істер жасауға шақырды.

Университеттің білім алушылары музей экспозицияларынан қиын-қыстау күндердің белгісімен танысты, тарихи құжаттардан әділетсіз саяси шешімдердің мазмұнын танып білді. Семинарда тақырып арқауы болған тарихи әділеттілік жөнінде өзіндік ой түйіп, халқымыздың қайраткерлік рухын, таным-түсінігін жақыннан сезінді.