ҰЛТТЫҢ АЗАЛЫ КҮНДЕРІНЕН – САБАҚ, ҚЫСТАЛАҢ КЕЗДЕРІНЕН – ТӘЛІМ АЛУ МАҢЫЗДЫ

 

Қазақ халқы өзінің қалыптасу тарихында небір қиын-қыстау күндерді бастан өткерді, тағдыр тауқыметін кешті. Қасірет атаулының үлкен-кішісі болмайды десек те, өткен ғасырдың 20-50 жылдары жүз мыңға жуық отандасымыздың саяси репрессияның құрбаны болуын, оның 20 мыңнан астамы жазықсыз атылғанын ұлтымыз бастан кешкен үлкен нәубет деп білеміз. Қазақ жеріне бес миллионға жуық тағдырдың күштеп қоныс аударғанын аласапыран заман әкелген зобалаң деп танимыз.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жұртымыздың өткен кезеңдердегі жылнамасын парақтап, ата тарихымызды ұрпақ тәрбиесі тұрғысынан талдап-таразылауды жүзеге асыруда. Тар заманның тауқыметін зерделеп, жазықсыз құрбан болған тағдырларды анықтауға, олардың есімдерін ұлт жадында қайта жаңғыруына қолдан келер үлесін қосып келеді.

Университетіміз қаламыздағы оқу орындарымен, мұражайлармен, мұрағат ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар өткізіп, ұлтымыздың азалы күндерінен сабақ, қысталаң кездерінен тәлім алуды жолға қойып, студенттердің бойына сіңіруді атқарып келеді. Оқытушы-профессорлық құрам осы мазмұндағы келелі жиындарда тарихымызға қатысты байламдармен, тың ізденістермен танысып, тарихи оқиғалардың жүйелі тізбегін қалыпқа салуға күш біріктіріп отыр.