ХАЛЫҚ КЕМЕҢГЕРЛІГІН МЕҢГЕРГЕН ШӘКІРТТЕН ҰЛТ ЖАНЫН ТҮСІНЕТІН ҰСТАЗ ШЫҒАДЫ

Сәндік қолданбалы өнер – этнопедагогиканың маңызды құралы. Педагог мамандарға ұлттық мәдениетті тану, ұлт өнерін, философиясын, дүниетанымын игеру – жоғары кәсіби талап. Халқымыздың кемеңгерлік сипатын меңгерген шәкірттен ұлт жанын түсінетін ұстаз шығарына сенеміз.

Кәсіби мұғалімдер даярлайтын орталық ретінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті болашақ ұстаздарға халықтық педагогиканың орнықты дәстүрлерін үйретуді жолға қойған. Университеттің қоғамдық кәсіптер орталығында студенттердің шығармашылық әлеуетін халықтың мәдени мұрасы, ұлттық тәлім-тәрбие жүйесі негізінде шыңдауда түрлі бағыттағы үйірмелер қызмет атқарады.

Осы бағыттағы шығармашылық ұжымдардың бірі – қолөнер үйірмесі. Сәндік өнердің хас шеберлері Динара Нұргелдиева мен Мәдина Дауылбай жетекшілік ететін үйірмеге қатысушы студенттер гобелен тоқу, киіз басу, ши тоқу, басқұр тоқу, кесте тігу, сырмақ сыру сынды ұлттық сәндік өнер элементтерін меңгереді.

Жас буын өкілдері мұнда халықтық дәстүрдің көркемдік мұрасын, мәдени құндылықтарын игеріп, рухани, эстетикалық, эмоциялық, интеллектуалдық тәрбие алады. Болашақ ұстаздар университет қабырғасында алып жатқан теориялық білімдерін қолданбалы өнер элементтері арқылы дамытып, педагогтік шеберліктерін шыңдауға алғашқы қадамын жасайды.

Фото Береке Сейітжаппар