ТОМСК МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Педагогикалық бағыттағы білім беру парадигмасын игеру, қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеруде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті отандық және шет елдік әріптес жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді. 

Бүгін Ресей Федерациясының Томск мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдерін қабылдап, білім берудің жаңа мазмұнына сай қадамдар жасау, жаңа көзқарасты қалыптастыру бағытынын қамтитын өзара ықпалдастық меморандумын қабылдадық.

Құжат білім беру, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу саласында өзара тиімді іскерлік байланыстарды орнықтыруды көздейді. Жасалған келісімдер аясында білім беру процессін жетілдіру,білім берудің қазіргі заманғы әдістері мен жүйелерін жетілдіру, жаңа педагогикалық технологияларды енгізуде өзара тәжірибе алмасуды жолға қоймақ. 

Атап өтуіміз керек, ОҚМПУ бұған дейін Томск мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен онлайн байланыста болып бірнеше маңызды бірлескен ғылыми-педагогикалық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізді. Әріптестік байланысымыз бүгінгі күні офлайн форматта жалғасып, жемісті ынтымақтастық кездесуіне ұласты.

Шымкент қаласына алғаш жұмыс сапарымен келген әріптестеріміз ТМПУ  профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ТМПУ қосымша физика-математикалық және жаратылыстану білім беру орталығының директоры доцент Михаил Александрович Червонный мен педагогика ғылымдарының докторы, ТМПУ шетел тілдері және халықаралық ынтымақтастық институтының роман-герман филологиясы және шет тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Ольга Николаевна Игна қала тұрғындарының меймандостық пейілі мен бауырмалдық қасиетіне шексіз ризашылықтарын білдірді. ОҚМПУ мен ТМПУ өз аймақтарында педагог мамандарды даярлайтын іргелі оқу орындары екенін жеткізіп, көпжылдық тарихы бар оқу орындарымыздың ұқсастық байланыстарына тоқталды. Қалыптасу тарихы, салалық бағыты, ғылыми әлеуеті өзара ұқсас оқу орындарының академиялық бағыттағы тәжірибе алмасулары жемісті болатынына сенім білдірді.

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген әріптестерімізбен бірлесе педагог кадрларды даярлау мәселелері бойынша физика-математика және филология факультеттерінің білім алушылары үшін ғылыми семинарлар өткізуді қолға алдық. Тәжірибе алмасу семинарында ОҚМПУ оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттер білім берудің озық үрдістері, іргелі тәжірибелері, жаңа педагогикалық идеялар жөнінде мазмұнды мағлұматтар алады деген сенімдемін.