ОҚМПУ ДОКТОРАНТТАРЫ БЕЛГІЛІ ПРОФЕССОРДАН ҒЫЛЫМИ КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР АЛДЫ

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті әріптес жоғары оқу орындарымен педагогикалық бағыттағы ғылымды дамыту бойынша интеграциялық ықпалдастық байланыстарды арттырып келеді.

Осы міндет шеңберінде университетімізге арнайы келген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика» кафедрасының профессоры, п.ғ.д. Қалипа Атемова ОҚМПУ докторанттарымен «Педагогикалық бағыттағы мамандықтар үшін ғылыми зерттеуді жоспарлау және ұйымдастыру» тақырыбы бойынша семинар өткізді.

Қалипа Тұрсынқызы педагогикалық зерттеу жұмыстары біліктілігі жоғары педагог мамандарды даярлау жүйесінде маңызды міндет атқаратынын атап өтіп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдеріне, кешенді түрлеріне, ғылыми мазмұнына, әдіснамасы мен әдістемесіне кеңінен тоқталды.

Педагогиканың озық тәсілдері жөнінде орнықты ғылыми көзқарас қалыптастырудың мәнін ашқан ғалым, заманауи мұғалімге білім берудің іргелі әдістерін практикалық тәжірибемен ұтымды үйлестіру міндеті жүктелетініне тоқталды. Зерттеу жұмыстарын жоспарлау білім беру мен тәрбиенің жаңа міндеттерін, тың бағыттарын қамтуы керектігіне назар аударып, қазіргі тәжірибедегі қолданысқа ие зерттеу білігі мен дағдыларын қалыптастыруға бастауы керектігіне назар аударды. Бүгінгі ғылым озық технологияны игеруді талап ететінін, зерттеулерде педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдістерден бөлек, социоэкономикалық аспектілер қамтылып, педагог мамандардың шығармашылық даярлығын шыңдау міндеттері қамтылуы керектігін атап өтті.

Жиынға қатысқан докторанттар ғылыми диссертацияларында қамтылған тақырыптар бойынша қажетті ақпараттар алды, актуалды мәселелер жөнінде пікір алмасып, ғылыми жұмысты рәсімдеу мәселелері бойынша кеңестер алды. Семинар барысында еліміздегі белгілі профессор бірқатар әріптестерімізге жеке ғылыми консультациялар берді.

ОҚМПУ педагогикалық бағыттағы ғылымды дамытуда әріптес жоғары оқу орындарымен осы мазмұндағы ықпалдастастықты одан әрі арттыра бермек.

Фото Береке Сейітжаппар