Бүгін «Demeu Kazakhstan» қайырымдылық қоры іске асырып жатқан «Demeu» әлеуметтік жобасы бойынша Шымкент қаласының мектептерін бітіруші 50 түлек Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болып, педагогикалық мамандықтар бойынша кәсіби бағдар алды.
Мектеп оқушылары университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабекпен жүздесіп, сапалы білім алудың мүмкіндіктерімен және оқу орнының тарихымен танысты, археологиялық құндылықтар көрмесін тамашалады. Білім ордасының кітапханасында болып, оқырмандар залын аралап шықты, студенттер жатақханасының тыныс-тіршілігі, түрлі бағыттағы 14 шығармашылық үйірменің қызметі жөнінде кең мағлұмат алды.
«Жастар кәсіп таңдауда үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгінеді. Бұл дұрыс пайым. Педагогикалық мамандықтарды таңдайтын болсаңыздар білім мен ғылымды игеруге жасаған алғашқы қадамдарыңыз осы болмақ. Саналы қадам жасайтындықтарыңызға сенемін», - деді Баршагүл Қашқынқызы.
Іргелі оқу орны ретінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті педагог мамандардың талай буынын тәрбиелеп шығарған ұстаздар қарашаңырағы екеніне көз жеткізген мектеп түлектері алдағы тағдыршешті сәтте ОҚМПУ-ді таңдайтындықтарын атап өтті.
Айта кету керек, қайырымдылық қордың «Demeu» әлеуметтік жобасы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балаларға сапалы білім алу, тұлғалық даму мәселелері бойынша қолдау көрсетеді.