Профессор Әділ Ермеков атындағы дәрісхана ашылды

2023 жылғы 20 наурызда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тұмар» ғимаратында тіл білімі саласы мен ұрпақ тәрбиесінің дамуына өлшеусіз еңбегімен үлес қосқан, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Әділ Ермеков атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты рәсімге университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева мен филология факультетінің ұжымы, ұлағатты ұстаздың жақындары мен шәкірттері қатысты.

Әділ Ермеков 1938 жылы Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен Шымкент қаласында жаңадан ашылған екі жылдық мұғалімдер институтына оқытушы болып қызметке келеді. Көп ұзамай «Тіл және әдебиет» кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, институт директорының орынбасары болып, 1942-1952 жылдары институт директоры қызметтерін және кафедра меңгерушілігін қоса атқарады.

1952-1954 жылы ҚазССР Оқу министрлігінің жанындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1954-1963 жылдар аралығында Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының директоры қызметтерін атқарып,1963 жылы Шымкент пединститутына қайта оралады. Сол жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы жеке-жеке бөлініп, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. 1976 жылы өмірден озғанша аталған кафедраны абыроймен басқарды.

Әділ Ермеков өзінің көп жылғы жинаған бай материалы негізінде 1950 жылы ҚазССР ҒА академигі, профессор Н.Сауранбаевтың жетекшілігімен «Қазақ тілі лексикасындағы біріккен сөздердің семантикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл еңбек қазақ тіл білімінде сөз семантикасын қарастырған алғашқы ғылыми еңбек еді.

Ә.Ермеков 1952-1954 жылы Қаз ССР оқу министрлігінің жанындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1954-1963 жылдар аралығында Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының директоры қызметін атқарып, 1963 жылдан өмірінің соңына дейін (1976) Шымкент мемлекеттік педагогика институты қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді.

Ә.Ермеков өз заманында ғалымдығымен қоса педагог-әдіскер ретінде де танылды. Отыздан астам ғылыми мақалалардан бөлек, бірнеше оқу-әдістемелік еңбектердің авторы, оның ішінде «Әліппені оқытуға көмекші құрал», 5-7 сыныптарға Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаевтармен бірлесіп жазған «Қазақ тілі» оқулықтары, 8-9 сыныптарға А.С.Матийченкомен бірігіп жазған «Грамматика русского языка» /Фонетика, морфология/ деген еңбектерінің маңызы зор.

Ә.Ермеков ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен қатар қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрді. 1939-1952 жылдар аралығында Шымкент қалалық, Қызылорда облыстық, қалалық кеңесінің депутаты ретінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты.

2009 жылы қасиетті қара шаңырақта ғалым-лингвист, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматы Әділ Ермековтің туғанына орай 100 жыл толуына «ХХ ғасыр білім беру жүйесі: «Бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.