Белгілі археолог А.Н. Подушкин 70 жаста!

2023 жылғы 17 наурызда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жаңа археологиялық және жазбаша дереккөздер контекстіндегі Еуразияның ежелгі және ортағасырлық мемлекеттері мен көшпенділер одақтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Конференция көрнекті археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкиннің 70 жылдық мерейтойына арналады. Ғылыми тағылымды жиынға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елінен тарихшы, этнограф ғалымдар келді. Қонақтар «Ұлы Дала елі – өркениеттер тоғысында (б.д.д. 100 мың ж.- б.д.д. ХІІ ғ.)» атты археологиялық көрмесін тамашалап, «Қазына» ғимаратында орналасқан Археологиялық орталық жұмыстарымен танысты.

Конференцияның негізгі пленарлық мәжілісі университет ректоры Гүлжан Сүгірбаеваның алғы сөзімен бастау алды. Қатысушыларға сәттілік тілеген ректор сөзінен соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов ғалымды мерейтойымен құттықтап, ізгі лебізін арнады. Гүлжан Даулетбекқызы «Оңтүстік Қазақстанның археолог-зерттеушісі» тақырыбында баяндама оқыды. Қатысушылар археолог ғалымның өмір жолымен терең танысты.

Мәжіліс тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының А.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғардың құттықтау сөзімен жалғасты. Сондай-ақ ұстазды бұл күні Қазақстандық әріптестері - тарих ғылымдарының докторы, археолог ғалым Зейнулла Самашев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова құттықтады.

Алыс-жақын шетелдерден де құттықтаулар легі келіп жатты. Ресей Федерациясынан - Владивосток қаласындағы Қиыр Шығыс халықтарының тарихы, археологиясы және этнографиясы институтының директоры, академик Николай Крадин, Барнаул қаласынан Алтай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Алексей Тишкин, Еуразиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығының директоры, Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің «Халықаралық қатынастар, саясаттану және аймақтану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Александр Таиров, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Ұлттық археология орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рустам Сүлейманов, Франция елінен Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, колледж де Франс оқу орнының ұстазы Франц Грене және Ұлыбритания, Венгрия елінің профессорлары ғалымды мерейтойымен құттықтап, өздерінің ғылыми баяндамаларымен бөлісті.