«Ұлы Дала елі – өркениеттер тоғысында (б.д.д. 100 мың ж.- б.д.д. ХІІ ғ.)» атты археологиялық көрмесі

2023 жылғы 17 наурызда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жаңа археологиялық және жазбаша дереккөздер контекстіндегі Еуразияның ежелгі және ортағасырлық мемлекеттері мен көшпенділер одақтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Конференция көрнекті археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкиннің 70 жылдық мерейтойына арналады. Ғылыми тағылымды жиынға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елінен тарихшы, этнограф ғалымдарды университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева бастаған ОҚМПУ ұжымы қарсы алды.

Қонақтар назарына "Шаңырақ" ғимаратында «Ұлы Дала елі – өркениеттер тоғысында (б.д.д. 100 мың ж.- б.д.д. ХІІ ғ.)» атты археологиялық көрмесі ұсынылды. Құнды тарихи жәдігерлермен көрме авторы Александр Николаевич таныстырды. Және де «Қазына» ғимаратында орналасқан Археологиялық орталықтың жұмысы да көрермендердің қызуғышылығын арттырды.

Археологиялық орталықта Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облысы аумағындағы ерте дәуір ескерткіштерін, оның ішінде көне Қаңлы мемлекетінің материалдық мәдениетін зерттеу кешенді түрде жүргізіліп келеді. Орталық авторы Александр Николаевич жарты ғасырға жуық уақыт Оңтүстік Қазақстанның б.з.д. IV ғ. мен б.з. VI ғ кезеңіне жататын жүздеген көне ескерткіштерін материалдық саладағы тұрақты дәстүрлер жүйесі ретінде айқындап, Қаңлы өркениетіне жататын Арыс археологиялық мәдениетін айшықтап, Қарауылтөбе, Қаратөбе, Алтынтөбе қазба ескерткіштері Қаңлы бірлестігінің полиэтникалық табиғатын ашты.

Қазба жұмыстары кезінде табылған дамыған бекіністік жүйе, мекендік архитектура, жерлеу кешендері және бұдан басқа мыңдаған археологиялық жәдігерлер көне Қаңлы мемлекетінің ежелгі тұрғындарының экономикалық қарым-қатынастарының, материалдық және рухани мәдениетінің жоғары болғандығын көрсетеді. Нәтижесінде жазылған ғылыми еңбектерінде А.Н.Подушкин Қазақстанның археология және тарих ғылымдары үшін маңызды зерттеулер мен теңдессіз жаңалықтар ашты. Бұл жаңалықтардың мәні мен мазмұнына суропалық ғалымдар қызығушылық танытып, оларды әлемдік деңгейдегі жаңалық деп таныды.