Көктем нұрын сыйлаған - АСЫЛ АНА, АРУ ҚЫЗ!

Көктем нұрын сыйлаған - АСЫЛ АНА, АРУ ҚЫЗ! Осындай әсем тақырыппен бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті. Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева оқу ордасының нәзік жанды аруларын көктем лебімен қатар келген төл мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

"Осындай әдемі кеште мен барша студент қыздарға өз тағдырын адаспай тауып, ана болу бақытын тілеймін. Біздерге екі бақыт қатар бұйырған. Бірі ана болу, екіншісі ұстаз болу. Себебі ана тек өз баласын тәрбиелесе, біз ұстаздар өзгенің де баласына тәрбие береміз. Бұл үлкен жауапкершілік әрі ізгі іс. Осы істі абыроймен алып жүріңіздер! Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып, сыйлы, сүйікті, қадірлі қалыптарыңыздан айнымаңыздар!" деді Гүлжан Даулетбекқызы өз сөзінде.

Бұл күні бесік пен әлемді қатар тербеткен ғалым аналар бірқатар марапаттарға ие болды. Оқу ордасының өнерпаз жастары әсем ән мен сазды күйден шашу шашты. Республикалық байқаулардың жүлдегерлері ​ «Тұмар» би ансамблі өнер көрсетті.

Оқу ордасының жігіттер қауымы Бақытжан Ауданбаевтың сөзіне жазылған Нұрлан Еспановтың «Қыздар-ай» әнін шырқап, көрермен көзайымына айналды. Студент қыздардан құралған «Ақ баян» сән театры Халықаралық дәрежедегі дизайнер, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, Мәскеудегі «Этно – Эрато» байқауының алтын қайшы иегері, Евразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Марат Ерімбетовтің «Рази-Джемаль» коллекциясын көрсетті.

Ұстаздардың құшағын гүлге, арулардың жүздерін нұрға бөлеген салтанатты жиын өз мәресіне жетіп, көрермендер риза кейіппен тарқасты

Фотоға​ түсірген Береке Сейітжаппар