ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ - 2022!

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева оқу ордасының қос бірдей мақтанышы – Психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Әліпбек Ардақ Зәуірбекқызы мен Биология кафедрасының оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Халикова Гүлмира Сатыбалдықызын 2022 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын жеңіп алуларымен құттықтады.

Жыл сайын оқытушы кәсібінің беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамытуға ынталандыру мақсатында өткізілетін конкурсқа 71 жоғары оқу орнынан барлығы 775 үміткер қатысқан. Конкурста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және тағы басқа көрсеткіштер, сондай-ақ үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі еңбегі бағаланады.

Ақшалай ынталандырумен қатар арнайы төсбелгімен де марапатталған байқау жеңімпаздары кезекті ректорат мәжілісінде басшылық құрам мен ұжымдастардың ықыласына бөленді.