Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті

        Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілуде. Осы бағыттағы кезекті кездесу Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өтті.

      Іс-шараға қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Әлжанова Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, онда зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын атап өтті.

       Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департаментпен атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Іс-шара барысында Ж.Әлжанова өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасынан хабардар етті.

       Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез-келген азамат Департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша Саll орталыққа хабарласу қажеттігін айтты. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеуге қатысты толыққанды ақпарат ұсынылды. Аталған іс-шараға ЖОО-ның ректорат мүшелері мен 150-ден астам оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.