ЖҮРЕКТЕРГЕ НҰР ҚҰЙҒАН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ
Күні кеше ғана қазақтың біртуар азаматтары, қазақ әдебиетінде өзіндік ойып алар орны бар қос тұлға Дулат Исабеков және Бексұлтан Нұржекеевпен жылы жүздесу болып өтті. Осындай мүмкіндік сыйлаған оқу орныма ерекше алғыс білдіргім келеді. Келелі жиында Дулат ағамыз бен Бексұлтан ағамыз өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, естеліктерімен бөліскен сәтті ерекше ұйып тыңдадым. Ең бастысы «Жетістіктің кілті – оқу-білімде, жастар, сендер оқыңдар, осы тәуелсіздікті оқу арқылы мәңгілік етуге болады» деп айтқан кезде, мен өзімнің және елімнің алдындағы жауапкершілікті сезіне білдім.
Осы кештің арқасында «Қазақтың Мопассанын да» көріп қайттық. Ал Мопассан менің сүйікті жазушыма айналғалы қашан... Оның себебі – «Шетел әдебиетіне» махаббатымды оятқан ұстазымыз – Кажиакбарова Раушан. Жалпы алғанда, «Шетел әдебиеті» пәні осы оқу жылындағы менің ең сүйікті пәнім болды. Ең бастысы пәнге деген ынтам мен қызығушылығымды оятқан ұстазыма үлкен алғыс. Себебі, ол кісі әр сабақты түсіндірген сәтте тақырыптың маңызды, қызықты, өзекті жерлерін айтып баурай алды. Бұл пәнді өту барысында біз антикалық дәуір әдебиетінен бастап, ағылшын, француз, неміс, испан халықтарының жазушыларымен таныстық. Менің осы пәнге ынтымның ерекше артуында француз жазушысы Ги де Мопассан ерекше рөл атқарды десем артық болмас. Жазушы Бексұлтан Нұржекеевті көргенде барлығымыздың есімізге Ги Де Мопассан түсті. Бексұлтан ағамызды Мопассан деп атауы тегін емес-ау деп ойладым. Ги де Мопассанның көркемдік шешімдері ғой менің терең ойға түсіретін. Мүмкін Бексұлтан ағамыз Ги де Мопассан секілді ерекше жазушы шығар деп ойладым.
Дулат Исабеков ағамыз өз естелігімен бөліскен кезде ұлттық намыс, елге, жерге, өз халқына құрметі туралы айтқанда, Бексұлтан ағамыз қазіргі қазақтың жай-күйі туралы сөз еткенде менің есіме бірден тағы да шетел әдебиетінен П.Мерименің «Таманго» новелласы оралды. Ол шығармада өз халқын, өзінің нәсілдес бауырларын құл етіп сатқан басшының бейнесі бейнеленеді. Біздің бұл шығармадан аларымыз өте көп. Дулат Исабеков пен Бексұлтан Нұржекеев ағаларымыз қаншама шығармаларын оқырман қауымға ұсынып келеді. Сол шығармалардың сұранысқа ие болуы, не шетел асып қазақ әдебиетінің өзге елде еленуі үшін қаншама еңбек етті, қанша күн сарпылды деп ойландым. Сол озық шығармалардың көпшілігі шалқар шабыт үстінде туған ба деймін. Айтпақшы, шабыт дегеніңіз де оңай дүние емес, оның өзі адамды қанша әуре-сарсаңға, әбігерге салады. Оны біз шетел әдебиетінен Эмиль Золяның «Шабыт» романынан біле аламыз. Ол жерде әдебиетшінің, суретшінің, музыканттың, сәулетшінің, көптеген өнер иелеріне ортақ «Шабыт» ұғымы өте әсерлі берілген. «Шабытты» да біз сабақтарымызда ерекше шабытпен талқыладық.
Жалпы алғанда жазушы ағаларымызбен болған кездесу – әзіл-қалжыңы аралас, есті әңгімеге толы жылы жүздесу болды. Кеш соңында ағаларымыздан қолтаңба алғанда өмірде менен бақытты адам жоқтай болды. Бұл кездесу менің өмірімдегі ең бақытты әрі керемет күнім болып естелік дәптеріме жазылды. Осындай сәттерді сезіне білудің өзі – шын бақыт.
1701-29 тобының студенті Айту Мөлдір