ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ – 85 ЖЫЛ!

2022 жылғы 9-желтоқсанда «Түркістан» мәжіліс сарайында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.

Іргетасы 1937 жылы қаланған, ғасырға жуық терең тарихымен Оңтүстік өңірінің білім қарашаңырағына айналған оқу ордасының мерейлі мерекесіне алыстан ат арылтып келген қонақтарды ұлағатты ұстаздар мен студент жастар күтіп алды.

Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева студенттер мен ұжымдастарды құттықтап, қасиетті ұстаздар ұстаханасы, жоғары білімнің  шежірелі қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің кешегі тарихы мен бүгінгі асулары жайлы баяндама оқыды. Қуанышқа ортақтасып, құттықтай келген қонақтарға алғысын білдірді.

Алғашқылардың бірі болып сахна төрінде өзінің жылы лебізімен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шықты. Әкім мырза университет басшылығына «білім нарығында әлеуметтік-экономикалық сұранысқа ие кәсіби мамандар даярлаған және ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беруде адамгершілік секілді ізгі қасиеттеріңізбен  танылып, адал еңбегіңіз бен сапалы жұмыс нәтижесін көрсеткені» үшін ризашылығын білдіре отырып,  профессорлар Наталья Дмитрюк, Ілесхан Сманов, оқытушылар  Садық  Болатбек,  Дариха Бекманова, тәрбие қызметкері Гаухар Камалова сынды тұлғаларға «Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен» марапаттады.

Мұнан соң құттықтаулар легін Қазақстан Республикасы Президенті  кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қазақстан Республикасы  Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жалғастырды.

Қ. Ерғалиев Министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатын жеткізді.  Және Білім және ғылым саласында адал да абыройлы еңбегі үшін Ақлима Байғұтова, Ләззат Жорабекова, Данебек Пошаев, Галия Мадыбекова , Рода Кадирбаева, Райя Тажитаева, Нұрила Байсейтова, Гүлжамал Дүйсенова, Музафархан Темирханов сынды ұстаздар мен қызметкерлерге ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫН табыстады.

Шындық үшін күресіп жалынды жырларымен ұлт рухын оятқан ақиық ақын Мұхтар Шахановқа ОҚМПУ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ» атағы берілді.

Сондай-ақ оқу ордасын әр жылдары басқарған Әбдімәлік Әшіров, Оңалбек Жарылқасын, Оңалбай Аяшев сынды тұлғалар  «ҚҰРМЕТТІ РЕКТОР» атағымен марапатталды.

Салтанатты жиын төрінде өнер сүйер қауымға оқу ордасының түлектері – Республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР Ерен еңбегі медалінің иегері,Түркия мемлекетінің әншісі, философы, композиторы, Ашық Вейсель атындағы медальдің иегері Ерлан Жандарбай мен ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ерен еңбегі медалінің иегері, ОҚМПУ доценті  Үралхан Сейілбекова,  эстрада жұлдызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, Қуандық Рахым өнер көрсетті.

Есімі елге белгілі талай таланттар мен дарын иелеріне үлкен өмірге жолдама беріп, білім нәрімен сусындатқан ұлыс  ұйытқысы саналатын Оңтүстік өлкесіндегі қасиетті ұстаздар ұстаханасы, жоғары білімнің  шежірелі қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің  85 жылдық мерейтойы құтты болсын!