ОҚМПУ-да республикалық «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауы өтті

5-желтоқсан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай оқу ордасын 1967 жылы бітірген түлек, ақын Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толу құрметіне арналған республикалық «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауы өтті. Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева педагогикалық білімнің қарашаңырағына айналған оқу ордасының тарихынан сыр шерте отырып, Қазақстанның өзге өңірлерінен жиналған байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Байқау мақсаты - Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың шығармаларын насихаттау, дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсету және жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, жан-жақты дамыту.

Байқауға Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Қ.Жұбанов атындағыы Ақтөбе өңірлік университеті, Абай облысы,Семей қаласы «Alikhan Bokeikhan University» ББМ, Абай атындағы Қазақ Ұлтық педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институты, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеттерінен 21 үміткер қатысады.

Республикалық "Мұхтар Шаханов оқулары" байқауы екі бағыт бойынша өткізіледі:

1. Мәнерлеп оқу. М.Шаханов шығармаларынан мәнерлеп үзінді оқу. Қойылатын талаптар: байқауға әр жоғары оқу орнынан 1 студент қатысады, ақынның өзі таңдаған 2 шығармасын мәнерлеп оқиды. Берілетін уақыт 5-6 минут.

2. Ән байқауы. М.Шахановтың сөзіне жазылған және сазгерлік әндерін орындау. Қойылатын талаптар: қатысушы екі ән орындауы керек. Сахна мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, сахналық киімі, ән айту мәнері бағаланады. Берілетін уақыт 7-8 минут.

Байқау аталған бөлімдер бойынша 2 кезеңнен тұрады:

1 кезең – институт/университетішілік;

2 кезең - республикалық.

Байқау қатысушылары ақынның жалынды жырларын тебірене орындап, сырлы сазды әндерін шырқады.