ОҚМПУ-де «Ұстаз һәм шәкірт» атты концерт өтті

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне 85 жыл толуына орай 9-қараша күні Өнер және білім факультетінің студенттері «Ұстаз һәм шәкірт» атты концертте өнерлерін паш етті.

Өнер сүйер қауым кеңінен жиналған мәдени іс-шарада ҚР Мәдениет саласының үздігі Айман Қарсыбаева жетекшілік ететін «Қазығұрт» фольклорлық ансамбілінің сүйемелдеуімен танымал музыкалық композициялар мен күйлер орындалды.

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ерен еңбегі медалінің иегері, ОҚМПУ доценті Үрәлхан Сейілбекова шәкірті Махамбет Әбдіқұлмен Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнін шырқады. Кәсіптік оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының ұстазы Жамила Ерназарованың «Сырғалым» коллекциясы ұсынылды.

ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева: «Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық пен ынтымақтың арқасында осындай тамаша кештің куәсі болдық. Сыйластығымыз үзілмесін. Біз ұстаздар өнерлі шәкірттерімізбен мақтанамыз, марқаямыз. Өнерлі һәм өрелі шәкірттер қатары көбее берсін!» деп өнерпаз жастарға алғысын білдірді.

Сондай-ақ Шаңырақ ғимаратының фойесінде Өнер және білім факультеті Кәсіптік оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының ұлттық нақышта жасалған бұйымдар көрмесі қойылды.