1-қыркүйек – Білім күні

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 1-қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Студенттер алаңы әсем безендіріліп, ұстаздар қауымы арманның асқарына қол созып, білім ордасына қадам басқан 1-курс студенттерін құшақ жая қарсы алды.

Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева адами әлеуетті дамыту негізінде білікті педагог маман даярлауда өзгелерден оқ бойы озық келе жатқан ОҚМПУ тарихымен таныстырып, жас өрендерге білім нәрімен сусындау жолында сәттілік тіледі. Қасиетті қара шаңырақтың ардагер ұстазы Қапира Садуақасова арнайы келіп, болашақ педагогтарға ақ батасын жаудырды.

Расулбек Мадина,Сапкалов Дмитрий және Қазыбек Жанна сынды білім грантын жеңіп алған 1-курс студенттеріне жарқын болашақтың «алтын кілті» мен сапалы өмірдің бастамасы білім атты дархан жолдың жолдамасы ретінде «сынақ кітапшасы» тапсырылды.

Сондай-ақ айтулы жиында бірқатар ұстаздар ректор және «Amanat» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды.