ОҚМПУ түлектері 40 жылдық мерейтойлық кездесу өткізді

8-маусым күні Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 1982 жылғы түлектерінің 40 жылдық мерейтойлық кездесуі өтті.

Кездесуге келген түлектерді университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева мерейтойлық құттықтау хатымен марапаттап, түлектерге «әрқашан және қай кезде болмасын түлеп ұшқан университет есігі ашық, байланыста болып, іздеріңізден еріп келе жатқан ұл-қыздарыңыз, іні-қарындас, сіңлілеріңізге, шабыт және үміт сәулесі болыңыздар» деп ыстық ықыласын білдірді.

Түлектермен кездесуге сол кездегі сабақ берген оқытушы - профессорлар педагогика ғылымдарының докторы Қ.Молдабеков, оқу ісінің үздігі К.Әлиева, Мәдениет Қайраткері, Құрмет орденінің иегері Ұ.Қ.Тәжібаева өз естеліктерінде әлі күнге дейін педагогика саласында кадрлық мамандар даярлап, жастарға саналы тәрбие мен терең білім беріп келе жатқандарын айтып өз тілектерін жеткізді.

Мерейтойлық кездесуге келген түлектер оқу ордасына рақметтерін жаудырып, өздері жеткен жетістіктерін ұстаздарының берген терең тәлімі мен тәрбиесінің нәтижесі екендігін мақтанышпен айтты. Мысалы:

• Қабылбаева Лескүл Әмірбекқызы - ҚР-үздік мұғалімі, Шымкент қаласының үздік, үлгілі ұстаз төсбелгілері, кәсіподақ ұйымынан «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісі және бірнеше мақтау қағаздары мен алғыс хаттарымен марапатталған ұстаз.

• Жантасова Боранкүл Сахқызы - ҚР білім министрінің Құрмет грамотасы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалі, Республикалық ел құрметі қоғамдық қорының «Ұлағатты әже» медалі, ВЛПСМ-нің 100 жылдығы мерекелік медалінің иегері.

• Бейсенбаева Айша Сейтқазықызы - ҚР-ның үздік мұғалімі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Мақтарал ауданының әжелер алқасының мүшесі. Күміс алқалы ана.

• Бейсенбавева Шамшат Сейтқазықызы - Ы.Алтынсарин медалінің иегері, оқу саласының үздігі.

• Бегенова Базаркүл Орынқызы Қазақстан білім беру ісінің үздігі, 11 бала өсіріп тәрбиелеген Алтын алқалы ана.

• Алым Маруа, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Д.А.Қонаев ғылыми қоғамының үздік жеңімпазы» төсбелгісі, «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер » төс белгісі, «Білім шыңы» төс белгісі, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Ерең еңбегі» үшін төсбелгісі, Білім және Ғылым саласындағы үздік еңбегі» үшін төсбелгісі, «Тәуелсіздікке 25 жыл» төсбелгісі, «Ы.Алтынсарин» медалі иегері. Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталған ардагер ұстаз.

• Таубаева Қарашаш, аудандық, облыстық білім басқармаларының мақтау грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған ардагер ұстаз.

Кездесу сағынышқа толы өткен күндер естелігімен жалғасты.