ОҚМПУ-дің екі командасы да олимпиададан жүлделі оралды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева ХІІІ республикалық пән олимпиадасынан жүлделі оралған білімгерлермен кездесіп, жеңістерімен құттықтады. Кездесуде білім сайысының жеңімпаздары байқаудан алған әсерлерімен бөлісті.

Олар басшылық тарапынан ұдайы қолдауға ие екенін және оқу ордасының мерейін тасытуға үлес қосқандарын мақтанышпен айтты. Биылғы жылдың 22 сәуірінде ҚазҰПУ-де өткен олимпиадаға тарих және педагогика факультетіне қарасты «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мұғалімін даярлау" бойынша білім алып жатқан жастар қатысты. Олардың білімі Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық идеяларын жетік түсіну, кәсіби құзыретттіліктері мен даярлық сапаларының деңгейі, ғылыми инновациялық әлеуеті бойынша сараланды.

ОҚМПУ-ның атынан сынға түскен білімпаздар «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының рухани көсемі», «Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми еңбектерінің бастауыш білім берудегі маңызы», «Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдерінің өміршеңдігі», «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады», «Ахмет Байтұрсынов - Ұлт ұстазы» деп аталатын кезеңдерде бәрінен озық болып, қазақ тобы І орынды, орыс тобы ІІ орынды иемденді.